"200 мың теңгемен бастадым". Гүл дүкенінің иесі кәсібінің құпиясын бөлісті

"200 мың теңгемен бастадым". Гүл дүкенінің иесі кәсібінің құпиясын бөлісті
Фото: Жеке мұрағатынан

Ақмарал Алтынбекқызы қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығын бітірген. Қазір флористика бойынша білім алып, гүл кәсібін дамытып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Сүйікті ісімді таптым"

38 жастағы Ақмарал кәсіпті жолдасының ұсынысымен аяқ астынан бастап кеткен.

"Дәл осы саладан кәсіп ашамын деген идеям болмады. Жолдасым серіктесімен бірігіп, гүл дүкенін ашпақ болды. Алайда серіктесі шетелге көшуге мәжбүр болды. Жолдасым "мүмкін сен жасап көрерсің, гүлді жақсы өсіресің" деген ұсыныс айтты. Сөйтіп, тәуекел етіп бастап кеттік", - деді ол.

Алматыға арнайы барып, флорист мамандығын да меңгерген.

"Үй гүлдерін өсіруді жақсы көргеніммен, оның күтімі басқа. Оларға су құясың, баптайсың. Ал бұл гүлдердің өмір сүру уақыты да аз, күтімі де өзгеше. Алдымен осы салада ешқандай білімім болмаған соң курс іздей бастадым. Сөйтіп Алматыға барып, арнайы флорист маманнан білім алдым. Бұл сала маған қатты ұнады. Шығармашылықтың адамы болғандықтан, әрі әдемілікті жақсы көргендіктен сүйікті ісімді тапқандай болдым", - деді ол.

"Қаражатымыз екі еселенді"

Кәсіп бастауға алғашында 200 мың теңге жұмсаған. 

"Тамыз айының соңында кәсіпті аштық. Себебі қыркүйек жақындап қалған. Жақсы сауда болатынын білдік. Алдымен жергілікті раушандарды, сосын Түркістан облысының аумағындағы жылыжайларда өсетін гүлдерді сатып алдық. Кейін Өзбекстаннан келетін арзан гүлдерді алдырып, барлығы 200 мың теңгемен бастадық. 1-қыркүйекте 200 мың теңгеміз 400 мың болып екі еселенді. Сол 400 мың теңгемен әрі қарай кәсібімізді жалғастырдық", - деді ол.

Ақмаралдың айтуынша, гүлдерді ауқымды көрсету үшін арасына артық зат салу дұрыс емес.

"Шынымды айтсам, кәсібім басқалардан ерекше болу керек деген ой болмады. Керісінше, солардың деңгейінде болғым келді. Күндіз қолым босаған кезде гүл дүкендеріне барып, қалай орайтынын, бағасын біліп қарайтынмын. Бірақ олардың гүл орауына көңілім толмайтын. Өзім гүлдердің арасына артық зат салғанды жақсы көрмеймін. Мәселен, бес гүлді өте үлкен етіп көрсету мақсатымен арасына артық зат орайды. Кейде қағаз, пакет салып, ауқымды етіп орайды. Өзге дүкендерден тапсырыс берген гүлдерді ашып көрген кезде қатты қынжылдым. Сондай-ақ, гүлдерді бояу процесі мүлде жүрегімді ауырты. Сұранысқа қарай ақ гүлді көкке, т.б. түске бояу әдісін көріп, қатты қынжылдым. Жалпы солардың бәрін көріп, ешкіммен бәсекелес болмаймын деп шешім қабылдадым" - деді ол. 

"Гүл сыйлау мәдениетін қалыптастырғым келеді"

Ақмарал гүл сыйлаудың арнайы нұсқаулығын да атап өтті.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Ақмарал Алтынбекқызы (@akmaral_altynbekkyzy)

"Гүл сыйлаудың арнайы нұсқаулығы бар. Бірақ оны біздің халық ескере бермейді. Мысалы, үлкен жастағы кісіге гортензия, әппақ роза, ақ хризонтема гүлі сыйланады. Осы гүл сыйлау мәдениетін біздің халықтың арасына кеңінен тарату керек. Себебі дүкенге келген кезде "жасы үлкен апаның туған күніне гүл сыйлайын деп едім, ауқымды болуы керек" деп айтады. Қандай гүл сыйлайтынын білмейді. Біз келушілердің бәріне көмектесіп, кеңестерімізді айтамыз. Осылайша, гүл сыйлау мәдениетін халық арасында сіңіргім келді", - деді ол.

Егер гүлдерге күтім жасап, күнде суын ауыстырса, 3-4 апта сақталады.

"Гүл алуды ұнатпайтын әйел болмайды. Тек ақшасы қымбат болған соң көңілі түсуі мүмкін. "Сонша ақшаға маған гүл алғанша, пайдалы нәрсе алмадың ба?" деп айтуы мүмкін. Иә, гүл солып қалады, әрі кетсе 2 апта тұрады. Ал эмоция ше, ол адам есінде өмір бойы сақталады ғой. Егер гүлге күтім жасаса, суын күнде ауыстырса, 3-4 апта сақталады. Сондықтан, гүл алу-беру мәдениеті дамыту керек", - деді ол.

"Халық арасында раушан гүлі сұранысқа ие"

Ақмарал дүкендегі гүлдерді Ресей, Қытай, Өзбекстаннан әкелетінін айтты.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Ақмарал Алтынбекқызы (@akmaral_altynbekkyzy)

"Гүлдердің бәрі Ресейден және Қытайдан келеді. Алдырған гүлдерімізді өтпей қалатын кездері жоқ. Бәрін жоспармен жасаймыз. Мереке күндері көбірек, ал жай күндері аз мөлшерде тапсырыс береміз. Кейде дүкенге мүлдем адам келмейтін күндер болады. Сол кезде 30 пайыздан бастап жеңілдік жасаймын. Сол арқылы сатып, өткіземіз", - деді ол.

Сондай-ақ, ол мереке кезінде гүлдердің бағасы да қымбаттайтынын айтты.

"Гүлдерді бағалары әр түрлі. Мәселен, 1 метрлік раушандар 800-1000 теңге, мерекеде 1200-1500 теңгеге дейін өседі. Жаңа жыл мерекесінде бізге шырша қосылған композициялар сатылды. Адамдар қазір эстетикаға назар аударып бастады ғой. Жалпы гүлді 40 жасқа дейінгі адамдар жақсы алады, 40-тан кейінгілер аса бір қызығушылық танытпайды. Халық арасында раушан гүлі өте қатты сұранысқа ие. Одан кейін хризонтема жақсы өтеді. Ал көктемде қызғалдақтар көп сатылады", - деді ол. 

"Бұл кәсіпте бәсекелес көп"

Ақмаралдың кәсіптегі негізгі ұстанымы - әр клиентке сапалы гүл беру және әдемі ұсыну.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от интернет-СМИ «Kris P Official» (@kris__p__official)

"Дүкеннің бір күндік табысы - 100 мың теңгенің айналасында. Алғашқы айда тапқан табысым - 400 мың теңге болды. Адамдарға дүкен ашылғаны туралы жаңалықты әлеуметтік желі арқылы жинадық. Сосын тума-туыс, достар арқылы жарнама жасадық. Бұл да өз кезегінде бірнеше клиент әкелді десем болады. Бастапқыда біздің көшеде гүл сататын бізден басқа ешкім болмады. Осы көшеден желтоқсанда 3 гүл дүкені ашылды. Жалпы клиент сені таңдауы, қайтып келуі үшін сапалы гүл мен әдемі орап беру керек. Ұстанымым - ешқашан ескі гүл сатпау. Гүлмен айнаысатын әр кәсіпкер осыны ұстанса жақсы болар еді. Сыйланған гүлдердің бір күннен кейін солып қалғанын қаламаймын", - деді ол.

Сондай-ақ, кәсіпкер бұл салада бәсекелес көптігін де атап өтті.

"Алғашқы кірісім толығымен шығындарды жапты деп айтсам болады. Негізі бұл салада миллионер болатындай пайда жоқ. Екінің бірі бұл бизнеске жақын болып кетті ғой. Әсіресе 19-25 жастағы ер азаматтар қазір бұл кәсіппен көп айналысады. Бағаны да қымбат қоя алмайсың, бәсекелес көп. Жалпы бұл саладан айына 1 млн теңге табуға болады. Қазір гүл дүкенінде SММ маманы, флорист және өзім жұмыс істеймін. Айлық айналым 800 мың теңге болды. Негізгі мақсатым - осы саланы дамыту. Тауар айналымын 2 млнға жеткізгім келеді", - деді Ақмарал.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жайыққызы