"Нәжіс ағып жатыр": Көкшетаудың орталығында ғимараттардың жертөлесі толып кеткен

Көкшетаудың қақ ортасындағы "Тәуелсіздік" орталық алаңында кәріз құдықтары толып кетіп, ернеуінен асып төгіліп жатыр. Салдарынан орталықта орналасқан бірнеше стратегиялық ғимараттардың жұмысына кедергі келтірген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаланың дәл орталығындағы "Тәуелсіздік" атауын иеленген алаңдағы кәріз құдықтарындағы келеңсіз жағдай өткен күзден бері маңындағы "Береке" банкі, "Достық" мейманханасы, "Сәтті" сауда үйі, "Kcell" орталығы мен "Синема" кинотеатрларының жұмысына елеулі кедергі туғызған.

Ащы жанайқайын қалалық әкімдікке "Су Арнасы" коммуналдық қызметіне талай жеткізгенімен түйткілді мәселе шешімін таппаған.

Кәріз құдықтары үнемі толып кетеді. Салдарынан біздің "Достық" мейманханасының, жанымызда орналасқан "Береке" банкінің, "Kcell" орталығының, "Синема" кинотеатрының, "Сәтті" сауда үйінің жертөлелері толып тұр. Тіпті мейманханамыздың жаттығу залына дейін жиіркенішті нәжіс шығып жатыр. Душқа түсу мүмкін емес. Сондықтан жаттығу залы жұмыс істей алмай тұр. Мейманхана жертөлесі толып кеткендіктен оған түсетін лифт шахтасының да жұмысы тоқтаған. Кәріз құдықтарының жан-жағы бәрі ішіне құлап кеткен. Жағдайы аса мүшкіл. Салдарынан кәріз арналары бәрі бітеліп қалғандықтан үнемі толып кетеді, - дейді "Достық" мейманханасының басқарушысы Людмила Приходько.

 

Кәріз құдықтарының толып кеткені соншалық тіпті үнемі ернеуінен асып кетіп, орталық алаңда ағып жататын болған.

"Су Арнасы" бригадасы келіп тазартып, судың деңгейі едәуір төмендегендей болады. Бірақ арада бір-екі күн өтпей тағы толады. Бұл өте қауіпті. Қала әкімдігіне, "Су Арнасы" коммуналдық кәсіпорнына, "I-Komek" қызметіне талай мәрте жүгіндік. Бірақ шешімі табылар емес, - деп толықтырды Людмила Приходько.

Аталған салаға жауапты "Көкшетау Су Арнасы" коммуналдық кәсіпорны ресми жауабында алдағы көктемгі су тасқынына қарсы әзірлікке байланысты жұмыс жүктемесі көп болғандықтан тазартып үлгермейтінін айтып ақталмақ болды.

Сағдиев көшесі 34 мекенжайында орналасқан "Тәуелсіздік" алаңындағы кәріз құдықтарына қатысты алдағы көктемгі су тасқынына әзірлік шараларына байланысты кәсіпорынның жүктемесі аса ауыр. Кәсіпорын мамандарымен Центральный, Көктем, Васильков шағын аудандарында кәріз құдықтарын тазарту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілді. "Тәуелсіздік" алаңындағы кәріз құдықтарын жаңғырту жұмыстары келесі аптада яғни 4 наурызға жоспарланды, - деді "Көкшетау Су Арнасы" коммуналдық кәсіпорындағылар.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!