Шекарада заң бұзған 2,5 мың адам ұсталды

Биыл ақпанда Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтпек болған 2,5 мың адам ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰҚК Шекара қызметіне сілтеме жасап.

2024 жылғы ақпанда ҰҚК Шекара қызметі құзырлы органдармен бірлесіп, 2 559 заң бұзушыны ұстады. Оның ішінде шекараны заңсыз кесіп өтпек болған 24 шетелдік бар.

17 шетелдіктің шекараны бұзу әрекетіне жол берілмеді.

ҰҚК мемлекеттік шекара арқылы 996 заңсыз алып өту фактісін анықтады. Оның ішінде:
54 дерек – есірткі заттары, жалпы салмағы 60 келіден жоғары;
20 дерек – қару мен оқ-дәрілер (6 қару, 140 дана суық қару, 32 оқ-дәрі);
63 дерек – діни әдебиет (3 мың 78 дана);
330 дерек – жалпы сомасы 8 млн теңгеден асатын жанар-жағармай (38 мың 101 литр);
Халық тұтынатын тауарлар – 429 дерек, жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеден асады;
100 дерек – шетел валютасы, жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асады.

Сондай-ақ ҰҚК Каспий теңізі акваториясында 18 браконьерлік дерегі анықталды:

9,5 шақырым тор болатын браконьерлік аулау құралы;
109 дана (454 келі) бекіре тұқымдас балық;
39 дана (93 келі) таза тұқымдас балық тәркіленді.
Алдын алған залал көлемі – 173,5 млн теңге.

Бұл деректер негізінде қылмыстық іс қозғалып, құқық қорғау және сот органдарына жіберілді.

"Мемлекеттік шекарада қандай да бір шектеу шаралары енгізілмеді. Барлық өткізу пункті штаттық режимде жұмыс істеп жатыр", – деп жазылған ҰҚК Шекара қызметі таратқан хабарламада.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!