Ғалымдардың жалақысын өсіруді көздейтін заң қабылданды

Ғалымдардың жалақысын өсіруді көздейтін заң қабылданды
Фото: elements.envato.com

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар ғалымдардың жалақысын өсіруді көздейтін заңды қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Құжат Мәжіліс пен Сенат депутаттарының бастамасымен әзірленген.

Депутат Асхат Аймағамбетов "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының маңызын түсіндірді.

"Жобамызда президенттің осы бағыттарды дамыту үшін берген біршама тапсырмасы да қамтылған. Біріншіден, ғалымдар үшін жаңа үстемеақы енгізу. Бүгінде ғылыми-зерттеу институттарда немесе университеттерде істейтін ғалымдар PhD, ғылым докторы, ғылым кандидаттары сияқты ғылыми дәрежелері үшін ай сайын жалақысына қосымша үстемеақы алады. Ол баяғыдан бекітілген норма. Енді оларға профессор немесе доцент сияқты ғылыми атақтары үшін жалақысына қосымша ақы беру осы заң жобасында ұсынылып отыр", - деді ол.

Асхат Аймағамбетов ғалымдардың жалақысына нақты қанша үстемеақы қосылатынына тоқталды.

"Мысалы, PhD, ғылым кандидаты қазір ай сайынғы жалақысына аталған ғылыми дәрежесі үшін 62 мың теңгеге жуық үстемеақы алады. Енді оған доцент деген ғылыми атағы үшін тағы 30 мың теңгеге жуық үстемеақы қосылады. Демек ай сайын 92 мың теңгені айлығына қосымша үстемеақы ретінде алуға мүмкіндік беріледі. Енді ол ғылым докторы болса және қазіргі уақытта 130 мың теңгеге жуық үстемеақы алып отырса, онда ол бұл заң қабылданғаннан кейін профессор атағы үшін тағы да қосымша 60 мың теңгеге жуық үстемеақы алады. Барлығын қосқанда 190 мыңға жуық үстемеақы жалақысына қосылады. Бұл ғалымдарымыздың қолдаудың маңызды тетігі деп санаймыз", - деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ заң жобасында ғалымдарға шығармашылық демалыс беру де көзделген.

"Құжатта жетекші ғалымдарымыз ғылыми-зерттеу институтында немесе университетте 5 жылдан аса жұмыс істесе, онда оларға 1 жылға дейін шығармашылық демалыс беру көзделген. Сонымен қатар осы уақыттың ішінде олар ай сайын орташа жалақы алып отырады. Бір жылдың ішінде ғалымдарымыз монографияларын шығаруға, ғылыми зерттеу жұмысын аяқтауға және мақалаларын шығаруға үлкен мүмкіндік алады", - деді депутат.

Дауыс беру нәтижесінде заң жобасы қабылданып, Сенатқа жіберілді.

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz