Қазақстанда қай қалаға туристер көп келеді?

Қазақстанда қай қалаға туристер көп келеді?
Фото: ©️ depositphotos.com

Алматы елге келетін шетелдік туристер саны бойынша көш басында. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2023 жылдың 9 айында туристердің жалпы саны 1,5 миллион адамнан асқан. Оның ішінде шетелдік туристер саны 51,5 пайызға өсіп, 410 мыңға жеткен. Осылайша, мегаполис шетелдік туристерді қабылдайтын Қазақстан қалалары арасында көшбасшы болды.

Ведомство өкілі туристердің жалпы саны 6 245 719 адам екенін, соның ішінде Алматыға 1 514 039 адам келгенін айтты. 

"Алматыға келген шетелдік туристер негізінен гидтер мен туроператорлардың қызметтерін пайдаланады. Мегаполисте олар Медеу, Шымбұлақ, Көк Төбе, Кафедралдық собор, Орталық мемлекеттік мұражай, Орталық мешіт, 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ, Көк базар, Арбат, Орталық демалыс және мәдениет саябағы, Тұңғыш Президент саябағы, Ботаникалық бақ, Баум тоғайы, Хайуанаттар бағы және т. б. сияқты жерлерді көргісі келеді", - деді ол.

Былтыр туристер көбіне Ресей Федерациясынан келген, яғни 34 пайыз (138 961 адам). Екінші орында Қытай тұр, 11,6 пайыз (47 619). Үндістаннан келген туристер үлесі - 7 пайыз (28 983), Түркиядан 6,2 пайыз (25 486), АҚШ-тан 3,7 пайыз (15 084) көлемінде келген.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова