Теріс қылық үшін жұмыстан шығарылған қазақстандықтарға қатысты заң жобасы мақұлданды

Теріс қылық үшін жұмыстан шығарылған қазақстандықтарға қатысты заң жобасы мақұлданды
Фото: Pexels

Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың айтуынша, заң жобасы мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы Ата заң нормаларына сәйкес келтіруді көздейді.

"Заң жобасы Конституциялық соттың 2023 жылғы 6 наурыздағы № 4 нормативтік қаулысын жүзеге асыру мақсатында әзірленді. Конституциялық Сот азамат Б.Қ. Аргумбаевтың "Қазақстанның мемлекеттік қызметі туралы" заңның 16-бабы 3-тармағының 6) тармақшасының Конституцияға сәйкестігі туралы өтінішін қарады.

Осы норма мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған азаматтарды 3 жыл бойы мемлекеттік қызметке қабылдауды шектейді. Мемлекеттік қызметке осындай тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған азаматтар өмір бойы жіберілмейді.

Конституциялық сот азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруге құқығы тек заңдармен және конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандығын, халықтың денсаулығы мен адамгершілік қағидаттарын сақтау мақсатына қажет шамада ғана шектелуі мүмкін екенін атап өтті", - деді агенттік төрағасы.

Конституциялық сот әкімшілік және қылмыстық құқық бұзу әрекеттерін жасаған қазақстандықтардың жағдайы тәртіптік теріс қылықтар үшін жұмыстан шығарылған адамдармен салыстырғанда жеңілірек деген ұстанымда.

"Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16-бабы 3-тармағының 6) тармақшасының ережелері азаматтардың конституциялық құқықтарына қысым жасауға әкеп соғады, әділдік, пропорционалдық және мөлшерлестік талаптарына сай келмейді. Конституциялық соттың құқықтық ұстанымына сәйкес, мұндай кемшіліктерді жою үшін заң жобасымен Мемлекеттік қызмет туралы заңға тиісті түзетулер енгізу ескерілген. Бұдан басқа, заң жобасы Конституциялық соттың 2023 жылғы 14 шілдедегі № 22-НҚ нормативтік қаулысын іске асыруға бағытталған", - деді Дархан Жазықбай.

Ол заңда теріс қылық үшін жұмыстан шығарылған қазақстандықтар тек 2 жыл жұмыстан шеттелітенін норма енгізілгенін жеткізді.

"Заң жобасы Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16, 59, 61, 64-1-баптарына түзетулерді қамтиды. Мерзімсіз тыйым салудың орнына мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған азаматты мемлекеттік қызметке қабылдауды шектеудің 2 жылдық мерзімі белгіленеді.

Құжатта мемлекеттік қызметке кіру кезіндегі шектеулерді салааралық саралау (дифференциациялау) көзделген. Шектеулер бойынша нормалардың редакциясы өзгергендіктен, 59 және 61-баптарға түзетулермен Заңның 16-бабының ережелеріне тиісті сілтемелер жасалды. Сондай-ақ, келісімшарттық қызметкерлер бойынша 64-1-бабы (ұқсас шектеулер) және 2023 жылғы 3 қаңтардағы Заңның нормалары да 16-бапқа сәйкес келтірілген", - деді төраға.

Дауыс беру нәтижесінде заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Аяз Есен 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz