Тұрмыстық қалдықтарды төгуге тариф бағасын өсіру керек - сарапшы

Тұрмыстық қалдықтарды төгуге тариф бағасын өсіру керек - сарапшы
Фото: Tengrinews.kz

Қалдықтарды басқару жөніндегі қазақстандық қауымдастықтың басқарма басшысы Шынболат Байқұлов Алматыда қатты тұрмыстық қалдықтар төгуге қолданыстағы тариф жеткіліксіз деп санайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сарапшының пікірінше, қатты тұрмыстық қалдықтардың саны халық көбеюіне тікелей байланысты өсіп келеді. Ал оны шығару Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін де өзекті мәселе.

Бүгінгі күні Алматыда ҚТҚ шығару тарифі айына 553,04 теңге болады. Бұл тариф 2017 жылдан бері қолданыста және содан бері өспеген.

"Жылына 20-25 пайыз мөлшерінде жанар-жағармай материалдарының бағасы тұрақты өсуін, қосалқы бөлшектерді, жалақыға, инфляцияға жұмсалатын шығындарды ескере отырып, жоғарыда айтылған тариф қазір қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын кәсіпорындардың шығынын жабу үшін жеткіліксіз екені анық", - деді сарапшы.

Мамандар қатты тұрмыстық қалдықтардың бағасы мен қызмет көрсету сапасы арасындағы тікелей байланыс байқалатынын мәлімдеді. Ол осы саладағы проблемалар артуына әкеп соғады екен, нәтижесінде елдегі экологиялық және санитариялық жағдайға да әсер етеді.

Құзыретті органдар ҚТҚ шығаруға тарифті ұлғайту керек деген пікірде. Одан бөлек әкімдік қолданыстағы контейнерлерді тереңдетілген үлгідегі контейнерлерге ауыстыру бойынша ауқымды жоспарларды да жариялаған болатын.

"Бұл, әрине жақсы, жағымсыз иіс болмайды, әдемі әрі қоқыс алаңының өзі жинақы көрінетін болады. Бірақ оларға қызмет көрсету үшін техниканың басқа түрі қажет. Тереңдетілген контейнерге қызмет көрсету үшін крандары бар қоқыс таситын машиналар керек болады. Мұндай техника әдеттегілерден орташа есеппен 1,5 есе қымбат. Егер қолданыстағы тариф шығындарды әрең жабатын болса, инвестицияларды қайдан алуға болады?" - деп қорытындылады Байқұлов.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова