Бектенов шенеуніктердің салғырттығы туралы айтты

Бектенов шенеуніктердің салғырттығы туралы айтты
Фото: Ақорда

Шенеуніктердің салғырттығынан "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 99 нысан уақытында салынбаған. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында аталған ұлттық жобаны іске асыру жұмыстарының тиімсіз жүріп жатқанын еске салған.

"Бұл мәселе Үкіметте бірнеше рет қаралды, бірақ әзірге нақты нәтиже жоқ. Өздеріңізге мәлім, өткен жылы 309 объектіні салу жоспарланған. Алайда жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары тым ұзаққа созылып кетті. Денсаулық сақтау министрлігі бақылауды әлсіретіп алды. Әкімдіктер де құрылыс орындарын анықтау, жер учаскелерін уақытылы бөлу бойынша түрлі сылтау айтып, мәселені шұғыл шешуге ниет танытқан жоқ. Соның салдарынан өткен жылы тек 99 объектіні тапсыру туралы шешім қабылданған болатын.Бірақ оның өзіне қол жеткізілген жоқ", - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Премьер-министр 7 медициналық объектінің құрылысы әлі аяқталмағанын атап өтті.

"Былтыр әкімдіктер типтік жобаларды жергілікті жерге байланыстыруға тиіс еді. Бұл жұмыс та аяқсыз қалды. Қазір 239 объектінің жобалық құжаттамасы дайын, оның 109-ы бойынша ғана мердігер компаниялар айқындалды. Қалғандары әзірге нақты істен гөрі, жалаң сөз күйінде қалып отыр. Ал құрылыс жұмыстарын алдағы наурыз-сәуірде бастау қажет. Денсаулық сақтау министрлігі болса, оларды қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімдерді беруге асығар емес.
Әкімдіктер де қаржыландыру мәселелерін шеше алмай келеді. Әлі күнге дейін көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары басталмады. Сондай-ақ оларға медициналық жабдықтар сатып алу ісінде де жағдай мәз емес. Мұндай процедуралар көп уақытты алады", - деді ол.

Үкімет басшысы министрлік олардың есеп-қисабын жүргізбегенін атап өтті. Осыған байланысты Олжас Бектенов тиісті тапсырма берді:

Біріншіден, облыс әкімдіктері Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге 1 сәуірге дейін жобаларға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді аяқтасын.

Екіншіден, Денсаулық сақтау, Қаржы министрліктері мен әкімдіктер жобаларды қаржыландыру мәселесін жедел шешуге тиіс.

Үшіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер биыл барлық объектіні құрылысы мен оларды пайдалануға беруді нақты мерзімінде аяқтауы қажет. Жұмыстар баяу жүріп жатқандықтан, бұл мәселені жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қайта қараймыз.

"Тамара Босымбекқызы (Үкімет басшысының орынбасары), үйлестіру мен бақылауды күшейтіңіз. Мерзім бұзылса, жауапты тұлғаларға шара қолдану туралы ұсыныстар енгізіңіз", - деді премьер-министр.

Аяз Есен

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz