"Бақыламай отырсыз". Премьер-министр Ұлытау облысының әкімін сынап тастады

"Бақыламай отырсыз". Премьер-министр Ұлытау облысының әкімін сынап тастады
Фото: t.me/KZgovernment

Премьер-министр Олжас Бектенов "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын тиісті деңгейде бақыламаған Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлына ескерту жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет отырысында Олжас Бектенов былтыр өңірде тек бір медициналық нысан салынғанын мәлімдеді.

"Былтыр Ұлытау облысы 5 фельдшерлік-акушерлік пункт ашылуға тиіс болған. Оның төртеуінің құрылысы әлі күнге дейін аяқталмады. Облыс жыл бойы небәрі бір-ақ объектіні пайдалануға берді. 4 объектінің құрылысы қыркүйекте ғана басталды. Әкімдік ұлттық жобаның орындалуын бақыламай отыр деп санаймын. Жыл соңына дейін тағы 15 объекті салынуы қажет. Берік Әбдіғалиұлы, не айтасыз?" - деді премьер-министр.

Ұлытау облысының әкімі құрылыс кешігуіне жауапсыз мердігер кінәлі екенін айтты.

"2023 жылы облыс бойынша 9 мемлекеттік және бір жеке меншік фельдшерлік-акушкерлік пункт құрылысы жүргізілді. Оның бесеуі "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы шеңберінде болса, төртеуі "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы бойынша салынды. Жоғарыда аталған 4 нысан бойынша маусымда бір мердігер жеңіп, құрылыс барысында сапасыз материалдарды қолданғаны анықталды. Осыған байланысты құрылыс монтаж жұмыстары орындалмай, уақытылы орындалмай шартты бұзуға мәжбүр болдық. Қазіргі таңда мердігерді жосықсыз деп тану туралы сот процесі жүріп жатыр. Қалған жұмыс көлемін аяқтау үшін конкурс жарияланды. Мердігер 13 наурызда анықталады деп жоспарланып отыр. Жалпы нысандардың дайындығы - 75-80 пайыз.
Яғни ішкі әрлеу, абаттандыру жұмыстары қалды", - деді ол.

Берік Әбдіғалиұлы өңірлерді нысандардың құрылысын бітіруге облыс бюджетінен 120 миллион теңге қарастырылғанын жеткізді.

"Барлық 4 нысан бойынша жұмысты мамырдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. 2024 жылғы жобалар бойынша 15 жоба жоспарланған. Оның 13-і мемлекеттік сараптамадан өту сатысында. Наурыздың соңына дейін сараптаманың оң қорытындысын алу көзделіп отыр. Содан кейін мердігерді анықтау үшін конкурс жарияланады. Сәуірде мердігерді аяқтап, мамырда құрылысты бастау жоспарланған. Құрылыстың басталуына облыс бюджетінен 106 млн теңге, инфрақұрылым құрылысына 320 млн теңге бөлінген. Бүгінде мердігерді анықтау рәсімдері жүргізіліп жатыр", - деді шенеунік.

Үкімет басшысы облыс әкіміне ескерту жасады.

"Берік Әбдіғалиұлы, жұмыс қарқыны төмен. Шұғыл түрде, барлық қажет шараны қабылдаңыз!" - деді Олжас Бектенов.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz