Арыстанбек Мұхамедиұлы: 24 күн аштық жарияладым, йогамен айналыстым

Астанада экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты да сот аяқталуға жақын. Бұрынғы мәдениет министрі сегіз ай ішінде үшінші үкімін естігелі отыр. Былтыр маусымнан бері жазасын Астанадағы №64 мекемеде өтеп жатқан ол бүгінгі соттағы жарыссөзде "24 күннен бері нәр татпай, аштық жарияладым" деді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жаса.

"Күнде йогамен айналысамын. Біз күнде кітап оқимыз, спортпен айналысамыз. 24 күн аштық жарияладым, бірақ қажетті құжаттарымды алдым. Мақсатыма жеттім", - дейді экс-министр.

Мұхамедиұлы істі қарап жатқан прокурордың ауысқанын қалап отыр. Әңгіме Астанадағы "Дипломат" қонақүйін рейдерлік жолмен тартып алды деген айыпқа қатысты қылмыстық іс турасында. Істің басы-қасында жүрген мемлекеттік айыптаушы алдыңғы аптада ғана бұған дейін экс-министрді айыпты деп тауып, 12 жылға қамауды сұраған. Мұхамедиұлы бұл іс біткенімен, басқасының басталатына сенімді.

Еске салайық, бұрынғы мәдениет министрі бұған дейін екі іс бойынша айыпты деп танылған. Әуелі Ұлттық музейдегі жемқорлық дерегі бойынша 8 жыл арқаласа, кейін сол жазаны жеңілдету үшін адвокаты арқылы пара беріп, тағы айыпты болды. Сонымен алғашындағы сегіз жыл жазасына тағы үш жыл қосылып, 11 жыл сотталды. Сот үшінші іс бойынша да кінәлі деп тапқанның өзінде, тағы 12 жыл жаза қосылмайды. Заң бойынша, айыпталушы кесілген үш жазаның ішіндегі ең ауырын өтеуге тиіс.

"Мен сізге тағы сұхбат беріп жатырмын, тағы іс қозғайды. Қозғай берсін, мен қорықпаймын. Неге десеңіз, барлығының нақты бір фактісі жоқ. Егер факті болса, пара алып жатқанымды, басқа біреумен кездесіп жатқанымды көрсетуші еді, "міне" деп", - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!