"Тракторшы келін" атымен танылдым". Жылына 100 тоннадан астам шөп оратын әйелмен сұхбат

"Тракторшы келін" атымен танылдым". Жылына 100 тоннадан астам шөп оратын әйелмен сұхбат
Фото: Жеке мұрағатынан

Ерсінай Рашитова - Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында тұрады. Үш перзенттің анасы жазда трактормен шөп шауып, мал азығын дайындайды. Техниканың тілін тапқан еңбек адамымен мереке қарсаңында Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.

"Әулеттің кенже келінімін"

Ерсінай Рашитова бір әулеттің тұтқасын ұстап отырған қара шаңырақтың келіні. Үйінде жалғыз перзент болып өскен оған әулеттің кенже келіні болу алғашында оңайға түспеген.

"Тұрмысқа шыққан кезде алғашқы жылы ауылда тұрдық. Үйдің жалғыз қызымын. Жолдасым сегіз ағайынды. Үлкен әулетке кенже келін болып түстім. Бастапқыда қиын болды. Ол кезде үйде жалдамалы жұмысшы болғандықтан, үйдегі барлық сырттың жұмысын сол атқаратын. Жұмысшымыз кеткен соң тірліктер көбейе бастады. Жолдасым мемлекеттік қызметте басшылық лауазымында еді. Алайда ата-анасы үшін сол жұмысын тастап, ауылға көшіп келді. Ал мен оқыған мамандығым бойынша әкімшілікте жұмыс істеймін", - деді ол.

Оның айтуынша, жолдасына көмектесемін деген ниеті техниканың тілін тауып, шаруашылыққа да үйренуіне себеп болған.

"Ауылдағы тірлік жазда басталады ғой. Жеке шаруа қожалығымыз бар. Жалдамалы жұмысшы болмаған соң барлығын өзіміз істейміз. Мал жайғаймыз, шөп орамыз, үйдің тірлігі бар. Жолдасыма шаруашылықта да көмектесемін. Бұрынғыдай емес, қазір бәрін үйрендім", - деді Ерсінай.

"Трактордың дауысынан қорықтым"

Ерсінай алғашында трактордың дауысынан қорыққанымен қазір техниканың тілін тауып, еркін тізгіндейді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ТРАКТОРШЫ КЕЛІН ??? (@traktorshi_kelin)

"Біз жақта ылғи боран соғады. Бірде боранды күні жолдасымның малға салған шөбі жан-жаққа ұшып, тірлігіне қиындық тудырып жатқанын терезеден көрдім. Қаншама малға азық беру қиын ғой. Көмектесейін деп шықсам, "тоңасың" деп үйге кіргізді. Бірақ сонда да жаным ашып, көмектескім келетінін айттым. Сөйтіп, алдымен мал жайғауға, кейін басқа тірліктерге көмектесе бастадым. Шөптің бәрін қолдан жасап алған шанамен тасимын. Оның өзі әйел үшін ауыр. Үйдің жалғыз қызы болып, өмірімде бір шелек көтермегенмін ғой. Дегенмен, ешқандай жұмыстан қашпаймын. Шынайы еңбекпен жұмыс істегенді жақсы көремін. Соның арқасында, өз еңбегімізбен жетістікке жетіп жатырмыз", - деді ол.

Ол қазір шаруашылық көлігімен мал жайғап, шөп орады.

"Жолдасым наурызда тракторды алып шықты. Қар еріп, жер лай, балшық болып жатыр. Трактордың дауысы қасында тұрсаң қорқынышты ғой. Соған қарамастан трактор үйренгім келді. Бір жұмысты алсам, соңына дейін жеткізбей қоямайтын қайсар мінезім бар. Содан ба, қайта-қайта жолдасыма "трактор үйретші" деп қоймадым. "Мынау үлкен, қиын болады" деп келіспеді. "Өзім үйреніп аламын" деп табандылығымды көрсеттім. Солай басталды. Алғашқыда дауысынан қорқатынмын. Оның үстіне алдыңғы дөңгелегі кішкентай, артқы дөңгелегі үлкен ғой. Түзу, қисық жермен жүргенде құлап кететін сияқты боп елестейтін. Басында тек шөп тасуды, кейін мал жайғап, шөп салып,  жазда шөп оруды - бәрін үйрендім", - деді Ерсінай.

"Жаңа трактор алуды армандаймын"

Қазір Ерсінай ескі трактор айдап жүр. Жазда 3 сағат шөп орады.

"Жазғы бір айлық еңбек демалысымда қыстың қамын жазда ойлап, тракторға мініп тонна-тонна шөп шабамын. Тракторды кәнігі тракторшылар деңгейінде жүргізуді үйрендім. Техниканың тілін тетігінен тез түсінемін. Тырнауышпен жұмыс істеудің әдісін де жетік меңгердім. Осы жазда 100 тоннадан астам шөп шауып, мал азығын дайындадық. Жазда шөп шапқаннан 4-5 млнға дейін ақша табамыз. Тракторымыз жаңа болса одан да көп табуға болар еді. Ескі трактормен үлгермейміз. Үш сағат шөп шабамыз, екі сағат жөндейміз. Өте қиын", - деді ол.

Тракторды тізгіндеген кейіпкеріміз жаңа техника алғысы келіп жүргенін де жасырмады.

"Әйел адамға шөп шабу оңай емес. Бір жылы жездесінің тракторын сұрап алып, екеуміз екі жақтан шөп шапқанбыз. Жолдасым көбінесе "өзім істеймін" деп айтады. Жазда 40 градус ыстықта әйелге қиын. Аллергиям болса да, мұндай тірлікке үйреніп кеттім. Қазір жаңа трактор алуды армандап жүрмін. "Өз тракторым болса" деп жолдасыма да айтып қоямын. Қалаға барған сайын қарап келемін. Бұйырса, ол да болып қалар",- деді ол.

"Атам қарсы болды"

Келінінің бұл шешіміне атасы бастапқыда қарсы болғанымен, жолдасына қолғабыс тигізгенін көріп, батасын берген.

"Ата-енем біздің қолымызда тұрады. Атам 85-те, енем 75 жаста. Трактор айдап, жолдасыммен бірге мал жайғағаныма  атам басында  қарсы болды. "Бір үйдің жалғыз қызы, құда-құдағидан ұят болады, қызымызды малға салып қойды деп ренжиді" дейтін. Қазір бұл тірлігіме атам да үйреніп алған. Жолдасым кетіп бара жатса, "бара ғой, Жұбаныштың жалғыз өзіне қиын" деп шығарып салады. Трактор тізгіндеп, мал жайғайтынымды ауылдың бәрі біледі. Көмек керек болса, жолдасым екеуміз тұрғындарға бірден қолғабыс етеміз. Бір ауылда тұрып, ақша алу өте ұят. Бәрін шын ниетімізбен тегін істейміз. Шүкір, осы өмірім өзіме ұнайды", - деді ол.

Ауылда тұратын Ерсінайдың тек сырттың жұмысына емес, үй тірлігіне де пысық екенін байқадық. Айтуынша, ата-енесінің бабын тауып, мал өнімдерін сатылымға шығарып, тапсырыстарын жеткізеді.

"Қыста жол ашуға ғана болмаса тракторды пайдалана қоймаймыз. Ал жазда таңым 5-те басталады. Алдымен сиыр сауып, сүтінен қаймақ алып, май шайқаймын. Көк сүтінен құрт жаямын. Бие сауамыз. Күбіде бал қымыз пісіремін. Халық арасында бал қымызға тапсырыс көп. Астана, Алматы, Қарағандыға жіберіп отырамыз. Жылқыларды аптап ыстықта құдықтың салқын суымен суарамын. Сонда сүтті жақсы береді. Одан бөлек үйдің тазалығы, асүй тірлігі бар. Жолдасыма шөп шабуға көмектесемін. Арасында үйге қонақ келеді. Оған да үлгеремін. Адал еңбек етіп, нәтижесін көру қуаныш сыйлайды. Отбасылық бизнесті осылайша дөңгелетіп отырмыз", - деді ол.

"Тракторшы келін" атымен танылдым"

Ерсінай әлеуметтік желіде де белсенді. Жеке блогы да бар.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ТРАКТОРШЫ КЕЛІН ??? (@traktorshi_kelin)

"Үш қызымыз  бар. Олар да маған қолғабыс етеді, үй шаруасын істейді. Ресми жұмыспен қатар, қосымша саудамен де айналысамын. Бос отырғанды ұнатпаймын әрі ешкімге тәуелді болғым келмейді. Кітап оқығанды жақсы көремін. Бизнес-форумдарға қатысып, түрлі салада онлайн, оффлайн білім аламын. Жұмыстан тыс уақытта қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырамын. Әлеуметтік желіде "Тракторшы келін" атымен көпшілікке танылдым. Оқырмандарыма күнделікті өмірімнен блог жүргіземін", - деді ол.

Оның айтуынша, әйел жан-жақты болып, бәріне де үлгеруі тиіс.

"Негізі ер адамның шаруасын істеген әйелдер ерлер сияқты болып кетеді деп жатады ғой. Бірақ, ондай емеспін. Өзімді күткенді жақсы көремін. Қай кезде де әдемі, үйлесімді киінуге тырысамын. Қара жұмыс істесем де, уақыт жоқ деп өзіне көңіл бөлмейтіндерді ұнатпаймын. "Әйелдің қырық жаны бар". Сондықтан, жан жақты болу керек. Жұмыста кір, май болып жүргеніммен, үйге келгенде бірден киімімді ауыстырып, тап-таза болып жүремін", - деді ол.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жайыққызы