- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жөргек, арба: мүмкіндігі...
Жөргек, арба: мүмкіндігі шектеулі балаға мемлекеттен тағы не беріледі?
Бүгінде мүмкіндігі шектеулі балалардың жай-күйі маңызды тақырыптардың біріне айналып отыр. Алайда көпшілік мүмкіндігі шектеулі балаға мемлекеттен қандай көмек берілетінін біле бермейді. Massaget.kz тілшісі осы мәселеге орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми сауал жолдады.
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті мәліметінше, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерін, мұқтаж азаматтардың кейбір санаттарының әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімін жергілікті атқарушы органдар белгілейді және жергілікті өкілді органдардың шешімдері нәтижесінде бекітіледі.
"Әр өңірде жергілікті өкілетті органдардың шешімдеріне сәйкес жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға, соныі ішінде мүгедектігі бар балалар мен оларды тәрбиелеп отырған ата-аналарына және қамқоршыларына қосымша әлеуметтік көмек және қоғамдық көліктерде жүруге көмек қарастырылған", - деп жазылған жауапта.
- Мүмкіндігі шектеулі балаларға қанша жәрдемақы тағайындалады?
Әлеуметтік кодекстің 171-бабының 5-тармағына сәйкес мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақы медициналық-әлеуметтік сараптама белгілеген кезеңге сай тағайындалады екен.
Бұл ретте бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға төленетін жәрдемақы көлемі 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мынадай болады:
- жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 1,61 ең төмен күнкөріс деңгейі ( 69 886 теңге);
- бірінші топтағы жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 2,20 ең төмен күнкөріс деңгейі (95 496 теңге);
- екінші топтағы жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 1,83 ең төмен күнкөріс деңгейі (79 435 теңге);
- үшінші топтағы жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 1,61 ең төмен күнкөріс деңгейі (69 886 теңге);
- Мүмкіндігі шектеулі балалардың күтушісіне қанша ақша төленеді?
Мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеушіге ай сайынғы жәрдемақы төленеді. Отбасында мүгедектігі бар екі және одан да көп бала тұратын жағдайда мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы мүгедектігі бар әрбір балаға төленеді.
1 қаңтардан бастап оның мөлшері 1,61 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, яғни 69 886 теңге болады.
- Мүмкіндігі шектеулі балаға басқа қандай көмек беріледі?
Әлеуметтік кодекстің 161-бабына сәйкес мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік абилитациялау және оңалту бойынша мына шаралар қамтылады:
- жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жеке көмекші қызметін ұсынылады;
- есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамға ымдау тілі маманының қызметтерін ұсынылады;
- уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған жеке бағдарламаға сәйкес әлеуметтік абилитациялау мен оңалтудың өзге де түрлерін қамтылады.
"Мүгедектігі бар адамға тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің құнын жергілікті атқарушы органдар тарапынан кепілдік берілген сомадан аспайтын жағдайда өтетіп алуға құқығы бар", - деп жазылған жауапта.
- Жөргек, арба: мүмкіндігі шектеулі балаға тағы не беріледі?
Тиісті ведомство өкілдері мүмкіндігі шектеулі адамдарға заттай қандай көмек берілетінін айтты.
- зәрді және (немесе) нәжісті ұстамау типі бойынша жамбас органдарының қызметі бұзылған мүгедектігі бар адамдарға арналған жөргектер 1460 дана (күніне 4 дана), алушының қалауы бойынша тоқсан сайын кемінде 360 дана;
- сіңіргіш жаймалар (жаялықтар) 365 дана (күніне 1 дана), алушының қалауы бойынша тоқсан сайын қамтамасыз ету, тоқсанда кемінде 90 дана;
- бөлмеге арналған кресло-арба, 7 жастан бастап;
- серуендеуге арналған кресло-арба, 4 жылдан ерте емес;
- әмбебап кресло-арбалар, 5 жылдан ерте емес;
- сырғытқы арба, 5 жылдан ерте емес;
- жетек арбалар, 2 жылдан ерте емес;
- ортопедиялық аяқ киім, кемінде бір жыл.
Еске салайық, бұған дейін баласына аутизм диагнозы қойылған Астана тұрғыны Алтынай Нұрымбетовамен сұхбаттасып, осы мәселені сұраған едік.
Кейін осы мәселелерге байланысты Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментіне ресми сауал жолдап, маңызды жауаптар алдық.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова