Мүмкіндігі шектеулі балаларға қандай медициналық көмек көрсетіледі?

Мүмкіндігі шектеулі балаларға қандай медициналық көмек көрсетіледі?
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Қоғамда мүмкіндігі шектеулі балалардың мәселесі ушығып тұр. Өйткені ата-аналардың көпшілігі толық көлемде көмек көрсетілмейтініне наразы. Massaget.kz тілшісі осы мәселеге байланысты Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментіне ресми сауал жолдады.

  • Қазақстанда мүгедек балаларға қандай тегін медициналық қызметтер қарастырылған?

Министрлік мәліметіне сүйенсек, балаларға, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға амбулаториялық және стационарлық деңгейде медициналық көмек көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылады.

"Балаларға медициналық көмек, соның ішінде оңалту көмегі тегін медициналық көмектің және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде ұсынылады", - деп жауап берді жауапты органдар ресми сауалға.

  • Мүмкіндігі шектеулі балаларға қандай да бір дәрілер тегін беріле ме?

Ведомство мәліметіне сүйенсек, денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ - 75 бұйрығына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде балалар тегін және уақытылы дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі.

  • Өзге елде ем алуға көмек көрсетіле ме?

"Қазақстан Республикасында жүргізілмейтін жоғары технологиялық медициналық көмекке көрсетілімдер болған кезде диагнозына қарамастан, 18 жасқа дейінгі балаларға шетелде емделуге мүмкіндік беріледі. Пациентті шетелге емделуге жіберудің және (немесе) емдеуді отандық медициналық ұйымдарда жүргізу үшін шетелдік мамандарды тартудың орындылығы туралы шешім қабылдау бейінді мамандардың қорытындыларының негізінде республикалық денсаулық сақтау ұйымдары деңгейінде қабылданады", - деп жазылған жауапта.

  • Қандай сауықтыру шараларына көмек беріледі?

Қазіргі денсаулық сақтау жүйесінде балаларға көмек көрсететін 55 оңалту орталығы жұмыс істейді екен. Соның ішінде республикалық деңгейдегі 3 орталық бар, онда 522 төсек қамтылған.

"Ұлттық балаларды оңалту орталығында 300 төсек, Қызылорда қаласындағы филиалында 57 төсек, "Балбұлақ" республикалық балаларды оңалту орталығында 65 төсек, ҚР ДСМ "Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институтында" 100 төсек қарастырылған", - деп жауап берді министрлік өкілдері.

Сонымен қатар, министрліктің баспасөз қызметі өкілдері "Қамқорлық" бастамасы бар екенін, соның негізінде 30 орталық ашылғанын (15 оңалту орталығы және 15 ерте араласу орталығы) айтты.

"Орталықтардың қызметі балалардағы ерте мүгедектікті анықтауға және алдын алуға бағытталған. Даму кемістігі бар және олардың туындау қаупі бар жас балалар осы орталықтарда абилитациялық және оңалту көмегін алады", - деп жазылған жауапта.

Алайда министрліктің бұл жұмыстарына ата-аналар риза емес. Көмектің көлемін тағы да нақтылау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне де ресми сауал жолданды.

Еске салайық, бұған дейін баласына аутизм диагнозы қойылған Астана тұрғыны Алтынай Нұрымбетовамен сұхбаттасып, осы мәселені сұраған едік. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова