"Байып кетуге көмектеседі". Пәтеріңіздің нөмірі нені білдіретінін білесіз бе?

"Байып кетуге көмектеседі". Пәтеріңіздің нөмірі нені білдіретінін білесіз бе?
Фото: Depositphotos

Нумерология ұғымы бойынша өмірде кездесетін кез келген санның өз орны мен білдіретін мағынасы бар. Ал тұрып жатқан баспана нөмірінің беретін мәні бар екенін білесіз бе? Мысалы, үйдің белгілі бір нөмірі ақша жинау қабілетін жақсарып, баюға көмектесуі мүмкін. Сондықтан үй немесе кеңсе таңдайтын кезде міндетті түрде нөміріне мән беріңіз. Астролог Динара Құрман Massaget.kz тілшісіне пәтер нөмірі тұлға үшін қаншалық қолайлы екенін қалай анықтау керегін түсіндіріп берді.

Маманның айтуынша, пәтер немесе жеке үйдің нөмірі қандай екенін білу үшін сандарды қосу керек. Мысалы, сіздің пәтеріңіздің нөмірі "55" болса, екі санды қосамыз, яғни 5 + 5 = 10; ал "220" болса, 2 + 2 = 4. "0" нөмірлі пәтер болмайтын болғандықтан, сан есепке алынбайды. Ал егер пәтеріңіздің нөмірінде әріп бар болса, мысалы, "3к15" болса, 3 + 1 + 5 = 9 деп әріпті санамай, тек сандарды қосып шығамыз.

Фото: Depositphotos

Динара Құрман әр санның қандай мән-мағынасы бар екенін рет-ретімен түсіндірді. 

"1 саны"

1 - өте өзімшіл сан. Нөмірі 1 пәтерде тұратын адамдар тәуелсіздікті жақсы көреді, үнемі дамуға, алға қойған мақсатына жетуге бағытталған. Олар бар назарды өзіне аударатындықтан, кейде интроверт болуы да мүмкін, өйткені пәтер нөмірі адамға әсер етеді. Мұндай пәтерде өз мансабын құрғысы келетін адамдар тұрады, олар көбінесе үйленудің орнына, өмір бойы тәуелсіз болуды таңдайды. 

Ал егер пәтерде отбасы тұратын болса, басқа нөмір таңдаған жөн. 

"Бұл пәтер нөмірі жалғызбасты көшбасшыларға арналған. Сондай-ақ, 1 саны кез келген мәселенің шешімін өз бетінше қабылдауға жақсы көмектеседі, олар қандай да бір істің жауапкершілігін алуға дайын және оны өзге адаммен бөліскісі келмейді. Ал егер осы пәтерде тұратын адамда қандай да бір тәуелділік болса, оның тәуелділігінің деңгейі артады", - деді маман. 

"2 саны"

Ал пәтердің 2 нөмірі жалғыз өмір сүргісі келмейтін, үлкен отбасы болып, берік серіктестік құруға ұмтылатын адамдарға сәйкес келеді. 2 саны үйлесімділікпен тығыз байланысты, сондықтан адам бойындағы әртүрлі дарынды ашып, дамытады. Мүмкін ол сурет салу, оқу, жазу секілді шығармашылық әлеуетке ауысады.

"2 нөмірлі пәтерде жалғысбасты адам тұратын болса, оның жалғыздық сезімі ұлғайып, ішкі күйі нашарлайды. Осыған байланысты мұнда отбасы немесе серіктестер тұрғаны абзал", - деді Динара Құрман.

"3 саны"

Келесі нөмір - 3. Бұл пәтердің энергиясы от, жылу, оптимизм, құштарлық, көтеріңкі көңіл-күй, шумен байланысты, мұнда тұратын отбасы көпбалалы болуы әбден мүмкін және қонақты көп күтеді. 

"Егер 3 нөмірлі пәтерде әртүрлі ұрпақтар, яғни ата-ана мен үйленген ересектер тұрса, олардың арасында кикілжіің пайда болуы мүмкін. Өйткені жастардың энергиясы от болса, үлкендердің энергиясы су. Осыған байланысты әр түрлі ұрпаққа нөмірі 3 пәтерде бірге тұру ұсынылмайды. Бұл пәтерде тұратын адамдар тыныш, салқынқанды болуды, алдымен ойланып, кейін әрекет етуді үйренуі керек", - дейді астролог.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Динара Курман – Ба Цзы (@dinara_badzi)

"4 саны"

Бұл пәтердің энергиясы өте тұрақты, мысалы үстел құламай, дұрыс, нық тұруы үшін оның 4 аяғы да болуы қажет, пәтердің 4 нөмірі де тура осындай. Яғни, бұл энергия тыныштыққа, консервативтілікке, жоғары өнімділікке бағытталған. Мәселен мұндай пәтерде тұратын отбасы көңілді, жалынды, бостандықты жақсы көретін, мақсатына нық басатын адамдар болады.

Бірақ, бұл пәтерде ашық, көңілді жас жігіт тұратын болса, ол көңіл көтеріп, қыдырғысы келсе, оның басына үйіп-төгіп жұмыс беріледі. Бұл пәтердің энергиясымен тікелей байланысты", - дейді ол.

"5 саны"

5 нөмірлі пәтерде тұратын адамдар көпбалалы немесе көп перзент сүйгісі келетін көшбасшылық қасиеті бар позитивті келеді. Мұндағы адамдар адамдармен қарым-қатынасты бірінші орынға қояды, сондықтан көршілерінің басын қосып, бірнәрсені ұйымдастырғанды жақсы көреді немесе бәріне қатысы бар жауапкершілікті өз мойнына алады. 

"Бірақ бұл да жеке адамға байланысты, өйткені бар энергиясын отбасына емес, қоғамға көмекке арнайтындар да бар. Ол таңнан кешке дейін жұмыс істеп, жақындарына мүлде көңіл бөлмей кетуі мүмкін", - деді маман.

"6 саны"

6 жұп сан болғандықтан, ол адамды тыныштық пен консерватизмге жақындатады. Мұндай пәтерде академик, ғылыми қызметкер секілді зиялы қауым өкілі, дәрігер, мұғалімдер жиі тұрады. Егер бұл пәтерде орта жастағы адамдар тұрса, оларға оң әсерін беріп, мықты отбасын құруға, дәстүрді сақтауға, тұрақтылыққа ынталандырады.

"Алайда мұнда жастарға тұрудың қажеті жоқ. Өйткені 20 жастағы жігіт не қыз жалығып, өзге әлеуметті іздеп кетуі ықтимал", - дейді маман.

"7 саны"

7 нөмірлі пәтері экзотерикпен байланысты, сондықтан бұл нумеролог, астрологтардың саны болып саналады. Яғни, олардың өмірінде 7 саны жиі кездеседі. Бұл адамдар өмірдің рухани, эмоционалды сәттерін дамытуға, шығармашылық мамандықпен, сурет салу, жазу және т.б. байланысты кейбір саланы зерттеп, үйренуге бағытталады.

"7 нөмірі пәтердің бос қалғанын ұнатпайды. Яғни, пәтерде ұзақ уақыт бойы ешкім тұрмаса немесе үй иесі іссапарға кететін болса, пәтерде кернеу беретін энергетикалық әлеует пайда болады. Бұл мистикаға толы сан", - деді астролог.

Ол сондай-ақ зияткерлік қызмет, жобалармен айналысатын адамдарға жақсы әсер етеді. 

Фото: pixabay.com

"8 саны"

Қытай метафизикасында 8 саны материалдық құндылық, молшылықпен байланысты. Пәтердің мұндай нөмірі кәсіппен айналысатын немесе белгілі бір мүлікке қаражат жинап жүрген адамдарға бағытталған. Бірақ, сан адамның мансабына емес, материалдық жағдайына көбірек әсер етеді. 

"Шығыс халқы 8 санын қатты жақсы көреді, себебі ол шексіздіктің белгісі, адамды тәртіп, ұйымшалдыққа баулып, мінезіне материалдық тұрғыда өжеттілік береді.

Сонымен қатар, пәтер нөмірінің теріс әсері де болуы мүмкін. Өйткені мұнда тұратын адамдар белгілі бір затты сатып алғанда қуанбай, оның орнына ол ақшаны басқа затқа жинағанды жөн көреді. Әрине, бұл қаржы жағынан өте жақсы", - дейді Динара Құрман. 

Бұл пәтер нөмірі ересек ұрпақ үшін қолайлы.

"9 саны"

9 нөмірлі пәтерінде көбінесе консервативті ойлайтын адамдар тұрады, яғни олар энергиясын көбейтіп, оны өзге адамдарға көмектесуге жұмсағысы келеді, олар өте мейірімді, тәжірибелі, білімді, рухани бай. Мұндай пәтерде қарт адамдар тұрғаны абзал, өйткені олардың көпшілігі адамдарға көмектескенді ұнатады, сондай-ақ мұнда дәрігер, мұғалім секілді айналасындағыларға белгілі бір нәрсені үйретіп, көмек қолын созатын, өз тәжірибесін жас ұрпаққа беретіндер де тұра алады. 

"Үйленетін, жұмысқа енді орналасатын және т.б. жастар басқа нөмірлі пәтер таңдағаны дұрыс. Жастарға 1, 3 саны жақсы сәйкес келеді. Бұдан бөлек, жастар белсенді болып, көп сөйлесуді ұнататындықтан 3, 5, 6 сандары да жақсы таңдау. 

Егер адам көп жұмыс істеп, мансап қуамын десе 1 санын таңдасын, бірақ мұндай пәтерді тұратын адамдар әдетте кеш үйленіп, тұрмысқа шығады немесе өмір бойына жалғызбасты болып қалады", - деп қорытындылады Динара Құрман.

Тағы да оқи отырыңыздар: Құлақтың шаншығанын қалай басуға болады?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Б. Жұмаділлә