"Күйзелісті азайту, сенімділікті арттыру". Аудиокүнделік жүргізудің пайдасы

Күнделік жазу – эмоционалдық жағдайыңызды жақсартудың ең жақсы жолы. Көптеген психологтар бұл процесс жағымсыз ойлардан арылуға және өзіңізге деген сенімділікті арттыруға көмектесетінін айтады. Егер күнделікке күнде жазсаңыз, күйзеліс деңгейін түсіруге, зейін қоюды арттыруға және мазасыздықтан арылуға болады.

Алайда кей адамдарға қолмен жазған ұнамайды. Біреулер жалпы жазғанды ұнатпаса, басқалар ауызша ойын жақсырақ жеткізеді. Мұндай адамдарға аудиокүнделік бастауға болады.

Аудиокүнделік деген не?

Кейде өз ойларыңызбен жалғыз қалғыңыз келуі мүмкін. Осы кезде аудиокүнделік жазу пайдалы. Диктофонға өз ойларыңызды кез келген уақытта және басқа істермен айналысып жүріп те жаза беруге болады.

Аудиокүнделік жүргізудің артықшылықтары

Бұл осы сәттегі ойларыңызды сақтап қалудың жақсы әдісі

Аудиокүнделіктің бір артықшылығы – ойларыңызды диктофонға нақты уақыт режимінде жазып алуға мүмкіндіктің бар болуы.

Спонтанды сөйлеу проблеманы жақсырақ түсінуге көмектеседі

Егер жүйелі түрде ескі аудиожазбаларыңызды тыңдасаңыз, өзіңізді жақсырақ тануға болады. Себебі аудиокүнделік барынша шынайы болады. Мысалы, сөйлемдегі қандай да бір үзіліс немесе нақты сөздерді таңдау сол жағдайға қарым-қатынасыңызды көрсетеді.

Аудиокүнделік жүргізу медитативті әсер етеді

Күнделік жазу адамға медитативті әсер етеді. Бұл аудиокүнделікке де қатысты. Диктофонға сөйлеп отырып ішіңіздегі эмоцияларды сыртқа шығарып жібере аласыз.

Аудиокүнделікті қалай жүргізу керек?

Ол үшін ұялы телефоныңыздағы диктофонды қосып, қалаған кезде аудиожазба жазу жеткілікті. Алайда оны жүйелі түрде жасап отырған жақсы. Сол кезде оның пайдасы көрінеді.

Егер нағыз диктофон сатып алсаңыз, аудиокүнделік жүргізу процесі шығармашыл және қызықты бола түседі.

  • Аудиокүнделік жүргізуге бірнеше пайдалы кеңес:
     
    Бір жазба – бір тақырып форматын сақтаңыз.
  • Әртүрлі айдар жүргізіңіз. Мысалы, кей жазбалар жеке өміріңізбен байланысты уайымдарыңызға қатысты болуы мүмкін. Ал басқаларында жұмысқа немесе хоббиге қатысты идеялар болуы мүмкін.
  • Жазбаға тақырып пен күнін жазып қойыңыз.
  • Жалғыз қала алатын тыныш жер табуға тырысыңыз.

Аудиокүнделік жүргізу - нақты сәттегі эмоциялар мен ойларыңызды сақтап қалуға жақсы мүмкіндік. Алайда қолмен жазудан толықтай бас тартуға болмайды. Себебі ол жағымсыз салдарларға әкелуі мүмкін. Қолмен жазуды тоқтатудың жағымсыз салдарлары жайлы мына жерден оқи аласыз.