Қара нарықтағы құны - 10 миллион теңге. Жамбыл облысында үнді марихуанасы тәркіленді

Жамбыл облысында құны 10 миллион теңге болатын үнді марихуанасы тәркіленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Тосқауыл" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Тараз қаласының 50 жастағы тұрғыны есірткі заттарын сақтап келгені үшін қамауға алынды.

Яго есімді қызметтік ит тұрғылықты жерін тінту кезінде сарай мен бақшада жасырылған есірткіні табуға көмектесті. Күдікті тыйым салынған заттарды канистрлерде сақтаған. Жалпы салмағы 4 келі 604 грамм кептірілген үнді марихуанасы тәркіленді.

"Тәркіленген есірткінің қара нарықтағы құны 10 миллион теңгеден асады. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Әлім Бажықбаев.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!