400 миллион теңдеген аса ақша жымқырған: Ақтөбеде мектеп бухгалтері сотталды

Ақтөбеде №55 мектеп гимназиясының бас бухгалтері сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

Ақтөбе қаласының №2 соты №55 мектеп-гимназиясының бас бухгалтеріне қатысты үкім шығарды.

Алдын алу шаралары шеңберінде сот процесі ашық режимде жүргізілді.

Сот процесіне онлайн режимде білім басқармасы мен бөлімдерінің қызметкерлері, оның ішінде Ақтөбе облысының қалалық және аудандық мектеп директорлары, бухгалтерлері, педагогикалық құрамы қосылды.

Ақтөбедегі мектептің бас бухгалтері аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды. Ол 8 жыл бойы өзінің банк шотына жалақы ретінде заңсыз аударымдар жасаған, нәтижесінде мемлекетке 413,8 миллион теңге сомасында залал келтірілді.

Тек бір жылдың ішінде ол өзіне 200 миллион теңгеден астам қаражат аударған, бұл - бүкіл мектептің жылдық еңбекақы қорының 30 пайызы. 

Сот үкімімен оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сондай-ақ, 10 жыл мерзімге материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз