Шекара маңындағы ауыл тұрғындарының жалақысын көтеру ұсынылды

Шекара маңындағы ауыл тұрғындарының жалақысын көтеру ұсынылды
Фото: 24.kz

Сенатор Жанболат Жөргенбаев Қазақстанда ауылды дамытуға жарты триллион теңге бөлінсе де нәтиже болмағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттық сауал премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды.

БҰҰ болжамы бойынша 2050 жылға қарай әлемде урбанизация деңгейі 70 пайызға жетуі мүмкін. Елімізде де қала халқының үлесі артып келеді. Алайда ауылдардың жағдайы мәз болмай отыр.

Жанболат Жөргенбаевтың пікірінше, ауылдық елді мекендерде әлеуметтік инфрақұрылымын әлі де дамыту керек.

"Мысалы, "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы аясында 2019-2023 жылдары республикалық бюджеттен 524 млрд теңге бөлініп, 1,5 мыңнан аса ауылдық елді мекенде 5 мыңнан аса жоба іске асырылды. Алайда оның нәтижесі көңіл көншітпей отыр ", - деді сенатор.

Депутат Үкімет ауыл тұрғындарының мәдени өміріне, денсаулық сақтау жүйесі мен инфрақұрылымға да назар аударуға тиіс деген ұстанымда.

"Шекара маңындағы ауылдардағы инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталған бөлек бюджет бағдарламасын ашу керек. Сондай-ақ, қолданыстағы заңнамада белгіленген ауылдық үстемақыдан тыс, мемлекеттік шекараға 50 шақырым жерде орналасқан ауыл қызметкерлері үшін лауазымдық жалақыға 50 пайызға дейінгі мөлшерде үстемақы белгілеу мүмкіндігін қарастыру керек", - деді Жанболат Жөргенбаев.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz