Тәтті сусындар қымбаттауы мүмкін

Қазақстанда қант қосылған сусындарға акциз салығы салынуы мүмкін. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, елімізде семіздікке шалдыққан балалардың саны артқан.

"Артық салмақ болашақта созылмалы аурулардың дамуына әкеледі. Мысалы, қателеспесем, 0,5 милилитр колада қанттың 10 тәуліктік дозасы бар. Демек, бала тәтті сусынды ішкеннен кейін 10 есе қажеттілік алады. Сондай-ақ қант барлық өнімнің құрамында болатыны белгілі", - деді Айжан Есмағамбетова Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Министрдің орынбасары тәтті сусындарға акциз салығын енгізуді Денсаулық сақтау министрлігі емес, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ұсынғанын атап өтті.

"Қант қосылған сусындарға салық салу тұтынуды азайтуға септігін тигізеді. Бұл шараға қосымша таңбалау енгізіледі, міндетті ақпараттық-түсіндіру жүргізіледі әрі баланың дұрыс тамақтану әдетін қалыптастыру үшін ата-аналармен жұмыс жүргізіледі. Балаларда тамақтану әдеті 5 жасқа дейін қалыптасады", - деді вице-министр.

Айжан Есмағамбетова қосымша салықты енгізуге қант қосылған сусындарды өндіретін кәсіпорындар қарсы екенін жеткізді.

"Себебі, акциз өндірушілерге қосымша салмақ салады. Алайда біз бизнес пен халықтың денсаулығы арасындағы балансты сақтауымыз керек. Өйткені, балалар арасында (семіздікке шалдығу) сырқаттанушылық өсіп барады. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі дұрыс тамақтану позициясын ұстанады", - деп сөзін түйіндеді министрдің орынбасары.

Аяз Есен

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!