Түркістан облысында "имам" балаларды шыбықпен ұрып-соққан

Түркістан облысында "имам" балаларды шыбықпен ұрып-соққан
Фото: Видео кадры

Түркістан облысында имам дұғаларды жаттамаған балаларды шыбықпен ұрып-соққан. Бұл туралы ақпарат Telegram-арналардың бірінде тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сарыағашта 39 жастағы жергілікті тұрғын үйінде медресе ашып, балаларға діни дәріс берген.

Медреседе кем 19-ға жуық бала оқыған. Олардың ата-анасы жалған діни қызметкерге сенді. Ер адам дін сабағы үшін айына 20 мың теңге алып отыр.

Жалған имам сабақта балаларды бірнеше рет ұрып-соғып, азаптаған. Жәбірленушілердің бірі білмеген тақырып үшін оны бірнеше апта бойы үздіксіз соққыға жыққанын айтты. Ер адам ашуға беріліп, балаларды шыбықпен ұрғанын мойындады.

Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Massaget.kz тілшісі бұл іске қатысты Түркістан облысы Полиция департаментіне сауал жолдады.

"2024 жылғы 30 қаңтарда полиция қызметкерлері Түркістан облысының Сарыағашта ер адам 2023 жылғы наурыздан бастап кәмелетке толмағандармен діни сипаттағы сабақтар ұйымдастырып, өткізгенін анықтады. Одан әрі тексеру барысында заңсыз оқу орнында оқушыларды ұрып-соғу болғаны, балаларда дене жарақаттарының іздері анықталды. 4 кәмелетке толмаған баланың ата-аналарына қатысты кәмелетке толмағанды тәрбиелеу және оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды", - делінген жауапта. 

Сарыағаш ауданының полиция бөлімі ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғады.

Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Тергеу жүргізіліп жатыр, оның шеңберінде процестік баға берілетін болады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек