Түркістан облысында ерекше балалардың құқығы бұзылған

Түркістан облысында ерекше балалардың құқығы бұзылған
Фото: Tengrinews.kz

Түркістан облысында Кентау қаласында орналаcқан "Арнайы кәсіптік колледжде" оқитын 80 ерекше баланың құқықтары өрескел бұзылғаны анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыстық прокуратураға сілтеме жасап.

Бұл колледж еліміздегі жалғыз мамандандырылған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және білім беру қызметтерін ұсыну үшін құрылған мекеме.

Прокурорлық тексерумен колледж басшылығы ұзақ уақыт бойы заңнама талаптарын бұза отырып, ерекше студенттерді мемлекеттік қызметтермен тиісінше қамтамасыз етпегені анықталды.

Сапасыз білім берудегі бұзушылықтар, оқытушылар құрамының біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі, санитарлық және өртке қарсы нормалардың сақталмағаны белгілі болды.

Мекемеде мерзімі өткен азық-түліктер мен ескіру мерзімі өткен медициналық препараттарды қолданған. Медициналық қарсы көрсетілімдері мен шектеулері бар талапкерлерді оқуға заңсыз қабылдау фактілерін біле тұра, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары тиісті шаралар қабылдамаған.

Тексеру нәтижесімен заң бұзушылықтарды жою және бала құқықтарын қорғау мақсатында облыс прокуратурасы 5 прокурорлық ден қою актісін облыс әкімдігіне және мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттеріне енгізді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина