Қарағанды перзентханасында дүниеге келген бала із-түзсіз жоғалып кеткен

Қарағанды перзентханасында 2011 жылы дүние келген баланың із-түзсіз жоғалғаны анықталды. Құжатта перзентханадан балалар үйіне жіберілген бала, іс жүзінде ол мекемеде жоқ болып шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Прокурорлық тексеріске отбасының цифрлық картасында тіркелген баланың мектепке бармай жүргені түрткі болған. Құжатта ол Осакаров ауданындағы "Пионерский" балалар үйінде тұруы тиіс. Өйткені анасы туа сала тастап кеткен баланы перзентхана құжат жүзінде балалар үйіне жөнелткен. Бірақ балалар үйі нәрестені көрмепті.

Құзырлы орган шын мәнінде баланың ауданға келмегенін анықтадық деп отыр. Нәресте перзентханада жоғалуы мүмкін деген күдік бар. Тергеу әрекеттері басталды. 

"Прокуратура бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін, баланың іс жүзінде жоғалып кеткенін және оның қайда екені белгісіз екенін анықтады. Осакаров ауданы прокурорының нұсқауы бойныша ҚР ҚК 135-бабы, кәмелетке толмағандарды саудалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды", - деді Қарағанды облысы прокурорының кəмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға көмекшісі Айжан Оразбекова.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!