Басқа отбасыны қуанту: Қазақстанда суррогат аналарға қандай жағдай жасалады?

Басқа отбасыны қуанту: Қазақстанда суррогат аналарға қандай жағдай жасалады?
Фото: Massaget.kz

Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмайды. Мұның 45 пайыз жағдайында ғана жұп жасанды ұрықтандыру технологиялары арқылы дүниеге бала әкеле алады. Ал қалған 55 пайыз отбасының, өкінішке қарай екі ғана таңдауы бар, бірі - бала асырап алу, екіншісі - суррогат ананың көмегіне жүгіну. Ал елімізде суррогат ананың қызметі қанша тұрады? Перзент сүйе алмай жүрген отбасы қайда барып, не істеуі керек? Бұл туралы "Болашақ" суррогат ана орталығының негізін қалаушы Дамира Шоқанқызы Massaget.kz тілшісіне айтып берді.

Суррогат ана - бала сүюге мүмкіндігі жоқ ерлі-зайыпты үшін қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялар қолданылғаннан кейін құрсақ көтеретін және бала туатын әйел. ҚР "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы" кодексінің 146-бабына сәйкес суррогат ана қызметіне заңды түрде рұқсат етілген. 

Суррогат ана болу үшін не істеу керек?

Суррогат ана болу үшін осы саладағы кез келген орталыққа барып, өтініш жазуға болады. Орталықта арнайы ультрадыбыстық тексеріс пен сұхбаттан өтіп, бағдарламаға қатысу мүмкіндігін анықтай аласыз.

Суррогат анаға қандай талаптар қойылады?

Жоғарыда атап өткен Кодекстің 56-бабы бойынша суррогат ана болуға тілек білдірген әйелге қойылатын талаптар:

  • жасы 20-35 аралығында;
  • өз баласын табиғи жолмен босанған;
  • зиян әдеті жоқ;
  • медициналық ұйымның қорытындысымен расталған, қанағаттанарлық тән, психикалық және репродуктивтік денсаулығы, сондай-ақ өзінің дені сау баласының болуы тиіс.

Суррогат ананың қызметі қанша тұрады?

Дамира Шоқанқызының сөзінше, қызмет бағасы жылдан жылға өзгеріп отырады.

Бүгінде өзекті сома:

  • Тәжірибесі жоқ суррогат ананың ақысы тапсырыс беруші ҚР азаматтары болса, ең азы - 5 миллион теңгеден басталады;
  • Ал тәжірибесі бар суррогат ана қызметінің құны - 7 миллион теңгеден басталады;
  • Егер баланың биологиялық ата-анасы суррогат анаға жүктілік кезінде тұратын үй тауып бермейтін болса, суррогат ана ай сайын 300 мың теңге алып отырады. Дегенмен әдетте суррогат ананың көпшілігіне тұрғын үй беріледі, сондықтан ай сайынғы төленетін сома азаюы мүмкін;
  • Суррогат ана босанғаннан кейін денсаулығын қалпына келтіріп, емделуі үшін шамамен - 400-500 мың теңге өтемақы төленеді;
  • Егер әйел баланы кесарь тілігі арқылы босанатын болса, ем алу үшін өтемақы сомасы 1 миллион теңгеден басталады;
  • Суррогат анадан дүниеге егіздер келсе, өтемақы сомасы 1,5 миллион теңгеден жоғары болады;

Сонымен қатар, орталық иесі суррогат аналарға жүктілік кезеңінде қандай жағдай жасалынатынын бөлісті.

"Әркімнің талабы әртүрлі. Суррогат анаға қандай жағдай жасалынатыны бағдарлама басталғанға дейін тапсырыс берушілер, яғни баланың биологиялық ата-анасы мен әйелдің арасындағы "суррогат ана туралы шартта" жазылады және нотариалды түрде куәландырылады", - деді ол.

Дамира Шоқанқызы қоғамда қалыптасқан "баланың биологиялық ата-анасы суррогат ананың кез келген қалауын орындайды" деген ұғымға қатысты да пікір білдірді.

"Негізінде барлығы шарт шеңберінде ғана болады. Дегенмен мұнда тапсырыс берушілер адами факторға жиі көңіл бөледі, яғни көпшілігі суррогат ананың айтқанын екі етпеуге тырысады, мерекелерде құттықтап, сыйлық жасап ерекше көңіл бөледі. Бірақ бәрі жеке", - деді орталық иесі.

"Суррогат аналардың кейбірі тіпті өзіне баспана сатып алады"

Маман мұндай қызмет көрсететін әйелдің көпшілігі суррогат ана болуды негізгі жұмысымен қатар алып жүретінін жеткізді. 

"Өмір жалғасады, біз барлық әйелмен байланыстамыз. Бірі баспанаға қаражат жинап, ипотекаға алу үшін алғашқы жарнасын құйып өзіне үй сатып алады, енді бірі қарыздарын жабады. Барлық әйелдің білімі бар, еңбек қызметін жалғастырып жатыр, көпшілігі бағдарламаға тіпті негізгі жұмысымен қатар алып жүріп кіреді", - деді Дамира Шоқанқызы.

Әйелдің қанша рет суррогат ана болуы оның денсаулық жағдайына байланысты, ал еліміздің заңнамасы бойынша ешқандай шектеу жоқ. 

"Бірақ біздің орталықта табиғи жолмен босанған көпбалалы аналарды 6 реттен артық қабылдамаймыз", - дейді маман.

"Болашақ" суррогат ана орталығының негізі 2008 жылы қарашада қаланып, қызметі заңды түрде тіркелген. Ал ең алғашқы бағдарлама 2013 жылы басталған, содан бері көптеген сәби дүниеге келіп, орталықтың суррогат аналары жүздеген ерлі-зайыптының ата-ана болу туралы арманын орындауға көмектескен.

"Қазақ қоғамында суррогат аналардың еңбегі бағаланбайды, "жеңіл ақша" деп аталып, "ұят" саналады. Бірақ бұл физикалық және психологиялық тұрғыдан өте ауыр жұмыс. Суррогат ана қызметі медициналық себептерге байланысты бала сүюге мүлде мүмкіндігі жоқ жұптың генетикалық тұрғыдан өз перзентін дүниеге әкелудің соңғы мүмкіндігі", - деп қорытындылады Дамира Шоқанқызы. 

Айта кетейік, бұған дейін суррогат аналар Динара Сатжанға жеке өмірі туралы сұхбат бергені хабарланған болатын.

"Менің үш балам бар. Мұндай жолмен ақша табуға болатынын мен құрбым арқылы білдім. Досым маған неге тырыспасқа деген ой тастады, өйткені көп мәселені шешіп, үй сатып алып немесе қарыздан құтылуға болады. Бұл үлкен ақша болмағанымен, аз сома емес", - деді суррогат ананың бірі. 

"Мен мұндай мамандықта жұмыс істейтініме еш ұялмаймын, өйткені мен пәтер сатып алдым, қарыздарымды жауып тастадым", - дейді осы жұмыстың арқасында мәселелерін шешкен әйел.

Тағы да оқи отырыңыздар: Қазақ тарихында Тәуке хан заманын неге «Алтын ғасыр» деп атайды?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә