Майқайың аумағында ақау шыққан құбыр әбден ескірген

Майқайың аумағында ақау шыққан құбыр әбден ескірген
Фото: unsplash.com

Майқайың халқын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған құбыр желісінің тозығы жеткен. 1996 жылы салынған магистарлді биыл жазда ауыстыру жоспарланған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Павлодар облысы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, аталмыш су құбырын 2024 жылы реконструкциялау жоспарланған. Қазіргі кезде конкурс өткізілді және "Алматыинжстрой" ЖШС мердігер ретінде анықталды. Жұмыстарды көктем-жаз кезеңінде бастау жоспарланып отыр.

Ақау шыққан аумақ Майқайың кентінен 30 шақырымдай жерде. Құбыр желісі "Екібастұз қалалық су арнасы" МКК балансында. Ал, Майқайың кентінің ішкі су жүйесіне "Майқайыңалтын" АҚ жауапты.

"Майқайыңның ішкі құбырлары жаңа. Ақау шыққан желі ол Екібастұз қаласынан келетін үлкен құбыр. Майқайың халқы күніне 1 мың текше метр су тұтынады. Ал, кентті жылытып отырған қазандыққа 200-300 текше метр су қажет. Біз қазір оның бәрін өзіміздің резервуарымыздан беріп отырмыз", - дейді "Майқайыңалтын" АҚ бас директоры Қуаныш Ботин.

Оның айтуынша, тұрғындарда су тапшылығы болмауы үшін қосымша су жеткізетін техникалар жұмылдырылған. Ақаудың себебін анықтау және жою жұмыстарын "Екібастұз қалалық су арнасы" МКК күштерімен жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарына 30 адам және 10 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылды.

Сондай-ақ, апат салдарынан "Богатырь-Көмір" АҚ-на су беру уақытша тоқтатылды. Бұл ретте көмір өндірісі тоқтаған жоқ, өйткені, оған су қажет емес. Шаруашылық қажеттіліктер үшін суды жеткізу ұйымдастырылған.

Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысының Майқайың кентінде тағы бір төтенше жағдай болғаны хабарланған еді. Кентті ауыз сумен жабдықтайтын құбырдан ақау шыққан. Ақаудың учаскесі "Екібастұз қалалық су арнасы" МКК екінші көтергіш сорғысынан 27 шақырым қашықта орналасқан. 

Е.Базарқұл

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz