Мәжілісте педофилдерге хирургиялық кастрация жасау ұсынылды

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев педофилдерге хирургиялық кастрация жасауды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Отырыста депутат педофилдер ауыр қылмыс жасап, ата-анаға орны толмас қайғы әкелетінін жеткізді. Сондықтан оларға хирургиялық кастрация жасалуға тиіс. Бірақ соңғы шешімді сот шығарады.

Ұсынысқа ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жауап берді. Оның пікірінше, мұндай норма тиісті органдармен талқылануы керек.

"Мен бұған дейін де бұл мәселеге қатысты пікірімді айтқамын. Бүгінде педофилдер өмірбақи бостандығынан айырылады. Біріншіден, ол осындай жазаға тартылса, хирургиялық кастрация жасаудың не керегі бар? Екіншіден, Қазақстан азаптауға қарсы конвенцияның мүшесі. Сондықтан мұнда сұрақ Әділет министрлігі мен Бас прокуратураға қойылуы керек. Менің субъектив жеке пікірім, бұл азаптау категориясына жатады. Үшіншіден, медициналық сұрақ туындайды. Оған Денсаулық сақтау министрлігі жауап беруге тиіс. Онда бұл шараны кім қалай орындайды деген сұрақ туындайды. Жалпы Үкімет атынан сөйлей алмаймын. Егер сіз заңға түзету енгізуге ұсыныс жіберсеңіз, оны қарастыруға дайынбыз", - деді министрдің орынбасары.

Аяз Есен 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!