330 миллион теңге ұрланған: Алматы мектептерін тексеру қорытындысы жарияланды

330 миллион теңге ұрланған: Алматы мектептерін тексеру қорытындысы жарияланды
Фото: Tengrinews.kz Тұрар Қазанғапов

Прокурорлар алматылық балалардың қауіпсіздігін тексерді. Тексеру барысында бес мыңнан аса заңбұзушылық анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жүргізілген тексерулер балалардың қауіпсіздігі саласында қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіздігін көрсеткен.

"Оған ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жарты мыңнан аса заңбұзушылықтар, балаларды тасымалдау және білім беру мекемелерін қорғау ережелерінің, санитарлық және өртке қарсы нормалардың бұзылуы, сондай-ақ, оқушылар арасында буллинг деректерінің анықталуы дәлел", - делінген хабарламада.

Тексерулер нәтижесінде 10 соталды тергеп-тексеру басталған, шамамен 60 миллион теңге өтелген, 67 қадағалау актісі енгізілді және 100-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бұдан басқа, құқық бұзушылықтарға жедел ден қою мақсатында, оның ішінде оқушылар арасындағы буллингке қатысты, оқушылар немесе олардың ата-аналарына онлайн режимде қалалық прокуратураға тікелей жүгінуге мүмкіндік беретін "QR-код" әзірленген.

Мектеп психологтарының біліктілігін арттыру мақсатында қала прокуратурасы "NGS" Жаңа Буын Мектебі алаңында мемлекеттік мектептердегі барлық психологтардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспекторлардың және білім басқармасы өкілдерінің қатысуымен семинар ұйымдастырды.

"Сонымен қатар, прокурорлар 330 миллион теңгеден аса сомаға бюджет қаражаты ұрланғанын анықтады. Мысалы, Бостандық ауданының прокуратурасы мектептердің бірінде жалақыға арналған бюджет қаражатын, бас бухгалтердің ұрлағанын анықтады.

Бұл құқықбұзушылық мемлекетке 160 миллион теңге залал келтіре отырып, мектептің жұмыс істемейтін қызметкерлеріне және өзінің жақын туыстарына ақша қаражатын аудару жолымен жасалған", - делінген хабарламада. 

Осыған ұқсас ұрлық деректерін Медеу, Алмалы, Түрксіб және Алатау аудандарының прокурорлары анықтаған. Соталды тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек