"Кейбір діндарлар бізге "еріккенсіңдер" дейді". Астроном өзге планеталықтар туралы қызық дерек айтты

"Кейбір діндарлар бізге "еріккенсіңдер" дейді". Астроном өзге планеталықтар туралы қызық дерек айтты
Фото: AI Kandinsky арқылы жасалған сурет

Астрофизик Бекдәулет Шүкірғалиев неге адамдар өзге ғаламшарлықтарды көре алмайтынын түсіндірді. Оның айтуынша, бұл әлем біз ойлағаннан кең және күн жүйесі оның бір түйір шаңына да татымайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

 - Ғарышты адамзат не үшін зерттеуі керек? Бір елде су, енді бір елде жағдай жоқ. Сондай дүниелерге үңілсек, аспан әлемі кейде қиял сияқты болып көрінеді. Бұл сұраққа астрономдар қалай жауап беріп жүр?

"Кейбір адамдарға астрономия саласы далаға ақша шашу секілді көрінеді. Алайда олай емес, мұндай ойға дайын жауабымыз бар. Өзім бұл сұрақты 4 жағынан қарастырамын. Біріншіден, күнделікті өмірге астрономияның көмегі мол екенін түсінуіміз керек. Мәселен, күйбең тіршілігімізді жақсарту үшін бізге жаңа технологиялар керек, ал озық дүниелер пайда болған сайын біздің көп затымыз автоматтандырылып, жеңілдей түсетіні айдан анық. Технология кенет пайда болмайды. Ол үшін инженерлер бұған дейін шешілмеген есептерді шешіп, тәуекелге баруы керек. Осылайша физика, биология және астрономия сынды іргелі ғылымдар адамзат бұрын шешіп көрмеген мәселелерді қарастырады. Мәселен, астрономдар бізден 13 миллиард жарық жылы қашықтықтағы объектілерді зерттегісі келеді. Сол үшін Джеймс Уэбб немесе Хаббл секілді телескоптарды ғарышқа шығарды. Міне, бұл телескоптарды құрастыру кезінде (spin off - еск.) жолшыбай мыңдаған жаңа технология ойлап табылған. Мысалы, астрономия ғылым ретінде қарастырылмағанда адамзат Wi-Fi-ды қолданбайтын еді. Сондай-ақ, күнделікті GPS-ті айтсақ болады. Оны да навигаторға қойып алып, қалаған жерімізге барып жүрміз. Бірақ көбіміз GPS-тің астрономия арқылы ойлап табылғанын білмейміз. Тіпті көзге коррекция жасау технологиясының өзі ғарыш телескобын жасау жұмыстардың арқасында пайда болған. 

Екінші жағы, іргелі ғылым арқылы табиғи заңдарды түсінеміз. Ал табиғат заңдарын түсіну - су жаңа технологияны табудың іргетасы. Мәселен, қазіргі таңда атом электр станциясынан да жақсырақ "Токамак" деген жоба бар. Онда термоядролық реакциялар арқылы электр өнідіреді. Ал жалпы сол термоядролық реакциялардың бар екенін, оның жойқын энергия көзі екенін астрономдар күнді зерттеу арқылы анықтаған. Яғни күннің жұмысын тексеруден келген жоба. Бүгінгі технология бұл - кешегі ғылым. Егер осындай ғылыми жаңалық, яғни жаңа технология ашқымыз келсе, іргелі ғылыммен айналысуға тиіспіз". - деді Шүкірғалиев.

Хабблл телескобы. Фото: Pixabay.com

 - Көбі астрономия мен астрологияны шатастырып жатады? Бұған қандай түсінік бересіз?  

"Астрономия ғылымы - надандықпен күресудің әсерлі жолы. Жалпы, надандық адамды астрономияға емес, астрология, нумерология сияқты неше түрлі адасуларға әкеледі. Мысалы, халық арасында күн пәлен шоқжұлдызда болғанда, анау планета пәлен жұлдыздың қасынан өткенде өмірім осылай өзгереді, ал егер мына планета өтсе, түгенше болады деп шатасып жүрген адамдар бар. Осындай теріс ұғыммен күресу үшін де астрономия керек. Біз олардың ешкімнің өміріне әсер етпейтін алыстағы жұлдыз немесе планета екенін, физика тілімен түсіндіреміз", - дейді ол.

 - Кейбір діндар бауырларымыз "бұл астрономияны не үшін зерттейсіңдер? Бәрі Құранда жазылып қойған ғой, бәрі Алла жаратса, оның не істейсіңдер, сендердікі еріккен" деп сын айтып жатады дедіңіз. Бұл сұраққа не дейсіз? 

"Мәселен, бұл әлемді құдіреті күшті Құдай жаратқан деп сенетін адам болады. Ол бұл әлемді және жаратылған дүниені қалай таниды? Әрине, сол жаратылған нәрсеге қарау арқылы, әлемдегі ғажайып пен құдіретті білу арқылы оны түсіну арқылы ұғынады. Барлық зат бекерден бекер болмайды, Құдай қараптан-қарап кең әлемді жаратып қоймайды ғой. Мұны түсінуге қауқарлы ақыл мен көз берген болса, аспанды неге зерттемеуіміз керек? Бәлкім осы орасан зор ғаламды зерттеу арқылы, өзін Құдайға теңеп жүрген өтірікшілерге алданбай, уақыт пен кеңістікті, ғаламды жаратқан нағыз Құдай Тағаланы табудың жолы осы ғылымда шығар?", - дейді Шүкірғалиев. 

200 миллион жарық жыл қашықтықта орналасқан галактикалардың көрінісі. Фото:Hubble Space Telescope

 - Кейбір шығармаларда, діни кітапта бізден бөлек ғалам бар екені айтылады. Жалпы өзге ғаламшарлықтар туралы зерттеудің кейінгі нәтижесі қандай? Осы уақытқа дейін қандай да белгілер берді ме?

"Біздің өмір сүріп жатқан ғаламның өзі өте кең. Бізге тек оның бір бөлігі ғана көрінеді, ал шегі туралы білмейміз. Сондықтан бұл әлемнің шекті немесе шексіз екенін айту қиын. Дегенмен астрономдардың біразы бұл әлем шектеулі деген тұжырымға келіп отыр. Яғни, әлемнің шегі бар. Әрине, басқа да әлем бар болуы мүмкін, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда дәлел жоқ. Біздің 8 планета айналатын күннің өзі ғаламшарда шаңның тозаңына татымайтын бір кішкентай нүкте болып қалады. Жалпы, галактикада 100 миллиардтай жұлдыз бар. Сол миллиард жұлдыздардың ғаламшары барлары бар. Солардың ішінде тіршілік жоқ деп айта алмаймыз, бәлкім бар, ықтималдық жағынан да болуы мүмкін. Астрономдар басқа ақыл иелерінінің барын жоққа шығармайды, бірақ арнайы дәлел де жоқ.

Астрономдардың жерден тыс ақыл иелерін іздеуге арналған SETI (Search for ExtraTerrestrial Intelligence - еск.) атты ғылыми бағдарламасы бар. Алайда ол бағдарлама бүгінге дейін нақты дәлел тапқан жоқ. Бізге әлі де белгісіз. Тіпті болған күннің өзін де бұл әлемнің кеңдігі сондай, біз 1 секундқа татымайтын уақытта өмір сүріп жатырмыз. Біздің 100 жылымыз біз үшін бір ғұмыр болғанымен, ол ғаламда секундқа да жарамайтын уақыт. Сондықтан ғаламда ақыл иесі пайда болып, кенет жоғалып кетуі мүмкін. Болмаса, ол жақтан келе жатқан дабылдар бізге жеткенше біз де, планетамыз да жоқ болып кетуі мүмкін.

Бізге ең жақын орналасқан күн сияқты жұлдызды қарастыратын болсақ, ол бізден шамамен 4-5 жарық жыл қашықтықта орналасқан. Ал 1 жарық жылы - секундына 300 мың шақырым жылдамдықпен бір жыл жүретін қашықтыққа тең. Яғни жердің экватор сызығын айналып өту 40 мың километрдей. Жерден айға бару - шамамен, 380 мың шақырым. Жерден шыққан мұндай жарық айға дейін бір секундтай уақытта барады, ал күнге шейін жарық шамамен 7-8 минуттай жүреді. Мінеки, жарық осылай төрт жарым жыл жүрсе, ең жақын жұлдызға жетеді.

Біздің қазіргі ғарыш кемелерінің жылдамдығы жарық жылдамдығынан 10 мың есе жай жүреді. Мың есе жай жүретін ғаламат ғарыш кемесін ойлап тапқанның өзінде бізге таяу жұлдызға 4 мың жыл жылда ұшып барамыз. Бұл ең жақыны, ал ең алыста орналасқан жұлдызға миллиард жыл жүріп жете алмауымыз мүмкін. Сондықтан бұл әлем кең, ол жердегі тіршілік туралы айтудың өзі өте қиын. Адамзаттың қазіргі технологиясымен өзгеғаламшарлықтармен қарым-қатынас жасау да мүмкін емес", -дейді астроном. 

- Жер планетасынан көшуге тура келетін күн туа ма? Мұндай сценарийді фильмнен, туындылардан көріп үйреніп қалғанбыз. Дегенмен сондай күн туса...

"Бұл - өте қиын шаруа. Бізге жерге ұқсас планета табу керек, ал оны табу өте қиын. Жаңалықтар жерге ұқсас планеталар табылып жатыр деп естіп жатамыз, алайда көбі кемі 800 жарық жыл алыста орналасқан. Біздің қазіргі ғарыш кемелері оған дайын емес. Сондықтан қоныстану үшін алыстан емес, жақын орналасқан планеталарды қарастыруымыз керек. Мәселен, адам үшін  Юпитер планетасының серіктерінен гөр, Марсқа жету оңайырықа болады. Дегенмен Марсқа жетудің өзі оңай емес, жаң техникамен өзімен бірнеше жыл жүріп барамыз. Біз осыны ескеруіміз керек, адам денесі мен ағзасы жердің гравитациясына бейімделген. Адам ғарышқа ұшқанда салмақсыздық болады, ал салмақсыздық кезінде ағзада қан айналым дұрыс болмайды. Осылайша, егер адамды Марсқа  жіберетін болсақ, ол жартылай денсаулығынан айырылады. Марсқа түскен соң оларды кім емдейді? Қазіргі таңда мұның алдын алу үшін, адамның ғарышта ұзақ жүре алуын қамтамасыз ететін биологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр", - дейді Бекдәулет Шүкіғалиев. 

Хаббллмен түсірілген Марс планетасы. Фото: Hubble Space Telescope

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz