"Құтқарыңдар". Бұрынғы күйеуінен оңбай таяқ жеген астаналық әйел қалың көпшіліктен көмек сұрады

Астаналық Таңшолпан Керімова жағаұстатарлық видеоларын желіге жүктеп, осылайша қалың көпшіліктен көмек сұрады. Анықталғандай, мұрны сынып, көзі шықса да, Таңшолпанның күйеуі жазаға тартылмаған. Жәбірленуші "Көреміз" бағдарламасына келіп, істің мән-жайын айтты , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Таңшолпан Керімова бұрынғы күйеуімен 2015 жылы шаңырақ көтерген.

"Дүниеге сәби әкелген соң күйеуім өзгере бастады. Ажырасу ойымдада болмаған. Қызымды қырқынан шығарамыз деп жүргенде "тойға кеттім" деді. Содан екі апта жоқ болды. Телефонын алмады. Енем келіп, "ол басқа әйелімен тойда жүр екен, не істейсің, үйіңе кетесің бе?" деді. "Мен қайда кетемін, мама, кеше ғана келдім ғой, өзі келсін" деп күттім. Келген соң сөйлестік. Маған талап қойды. "Егер көнсең, осылай қабылда, екеуіңмен бірге жүремін, көнбесең кете бер" деді. Кетіп қалдым. 8 ай бойы хабар болмады. Содан кейін ғана ажырасу туралы хат келді. 2018 жылы ажырасу туралы құжатымызды алдық. Кейін мен ата-анамның үйінде тұрып жүргенде балаларға келетін еді. Келген сайын мені де, анамды да ұрып жіберетін. Үйдегілер қоймастан 2019 жылы "қайта қосыл" деді. Сөйтіп, қайта қосылдық. Бірақ одан кейін де өзгермеді. Сосын ажырастық", - деді ол.

Ажырасқан соң ол Астанаға көшіп кеткен.

"Бұрынғы күйеуімнен де артымнан келді. Үнемі бізді торуылдап, "өлтіремін, мүгедек қыламын сендерді" деп айқайлайтын. Үнемі балағаттайды. "Сен ешкімге тұрмысқа шықпайсың, ойыма келгеннің бәрін жасаймын, әйелдерге де барамын, саған да келемін, бәріне көнесің, көнбесең мүгедек етемін" дейтін. Айтқандарының, істегендерінің бәрін видеоға түсіріп, полиция қызметкерлеріне бердім. 15  тәулікке қамалып шықты. 10 рет әкімшілік қамауға алынды.

Әр келген сайын қол көтеретін. 2023 жылы қыркүйекте балаларды көруге келді. Сосын балаларға "ұйықта" деді де маған қол көтеріп, мұрнымды сындырды. Полицияға шағымданғанда "ешқандай қылмыстың құрамы жоқ, ауыр жарақат алмағансыз" деп арызымды қабылдамады.  Бұдан ауыр жарақат алсам, өліп кететін шығармын. Онсыз да сынбаған жерім қалмады", - деді Таңшолпан Керімова.

Астана қалалық полиция департаменті бұл арыз бойынша әкімшілік іс қозғағанын мәлімдеді.

"Аталған фактор бойынша құқықбұзушы анықталып, Алматы ауданы полиция бөлімшесі басқармасының уақытша ұстау бөлмесіне орналастырылды. Бұған дейін полицияға қала тұрғыны жүгініп, жанжал шығарып, оны қудалап жатқан бұрынғы жұбайына қатысты шара қабылдау туралы өтініш берген еді. Полиция қызметкерлері әкімшілік іс қозғады", - деді Астана қаласы полиция басқармасының өкілдері.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз