ШҚО-да қасқырдың малға шабуы тыйылмай тұр

Жыртқыштар санын реттейтін мамандардың өзі биылғы қыста қасқыр санын бақылау қиындап кеткенін айтуда. Өткен жылы орман шаруашылығы инспекторлары 17 қасқыр атса, биыл оннан аспайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Адамдармен жолықпауға тырысады"

Жуықта ғана Ұлан ауданында қарасты Тарғын, Ізғұтты Айтықов және Алғабас ауылдары маңында ит-құс қаптағаны туралы мәлімет тарады. Ауыл жұрты алыстан шырамытса да, ол жақта малға ауыз салмаған. Есесіне Зайсан ауданы аумағында, әсіресе Сауыр тауының етегінде әлі үйірімен жүр. Тауда тебіндеген жылқыны қыруын қояр емес.

"Жаз айларының өзінде 100-ге тарта жылқыны жемтік қылды. Қожалықтар едәуір шығынға батып, көбі атайын десе тәртіп сақшыларынан қаймығады. Кейде бір қожалықтың өзінде ірі қара мен қылқұйрықтысын қосқанда 10-15 бас малын жейді. Етекке әлі көтерілмедік. Шығын бар екені сөзсіз", – деді зайсандықтар.

ШҚО Орман және аңшылық шаруашылық жедел жасағы бастығының орынбасары Сергей Карманниковтың айтуынша, "дала санитары" қатты ашықса да, өзіне талғажау етер талшық табады. Бірақ ешқашан адамның алдына бармайды.

"Олар ішегі шұрылдаған жағдайда ғана орманнан шығады, әйтпесе бұл өте ақылды әрі сақ жануар. Мылтықтан, болмаса қақпанға түсуден барынша аулақ жүреді. Орман және аңшылық шаруашылығы жедел жасағының инспекторлары тұрақты түрде ақпарат жинап, ұлыманы сырттай бақылайды. Жыртқыштың көп шоғырланған жерлерін анықтау үшін халықпен де жұмыс жүргізіледі", – деді Карманников.

Жауапты тұлға тұрғындардан осыған қатысты арыз-шағым түссе, инспекторлар бірден жауап беретіндіктерін баса айтты. Дегенмен, оларда да атуға рұқсаттың болуы міндетті.

"Ату үшін тиісті құжат керек. Біз де, яғни жасақ мүшелері, белгілі бір аймақтарда тағыны ату үшін рұқсат аламыз. Бұл әрекеттің бәрі аумақтық инспекциямен келісіліп барып қолға алынады. Біршама уақытты сарп етеді", – деді Сергей Карманников.

"Қасқыр ату қиындап кетті"

Орман жасағындағылар қазір қасқыр атудың неліктен қиындап кеткенін түсіндірді.

"Өткен жылы 17 қасқыр атылса, биыл оннан аспайды. Негізінен Самар, Ұлан аудандарында, Үлкен Нарын мен Катонқарағай өңірінде ұлыманы нысанаға алу қиын. Таулы-жоталы өлке болғандықтан, қарда жүретін көлікпен кейде жете алмай қаламыз", – деді инспекторлар.

Әуе патрульдері биіктен барлайды. Сол арқылы инспекторлар жыртқыштардың қай жерде шоғырланғанын және үйірдің ізі қайда екенін көреді. Барлық дерек өңделіп, артынша олардың санын реттеу жоспарын құрады. Мамандар жергілікті жұртпен де жүздесіп, олардан қай жерде, қанша түз тағысын көргендерін сұрайды. Сергей Карманниковтың сөзінше, егер тұрғын өз учаскесінде қандыауызды байқап қалып, одан шынымен қауіп төніп тұрса, атуға құқылы.

Сергей Карманниковтың айтуынша, соңғы бірнеше айда болған жағдайды күрделі деп айтуға келмейді. Орта есеппен алғанда, әр жылдың көрсеткіші ұқсас.

Айта кетерлік жайт, бастықтың орынбасары Самар ауданына қарасты Көкжота ауылындағы жағдай жайында жақ ашпады. Ол жақта ұлыма бір үйдің қорасына түсіп, түнде 15 қойды тамақтап кеткен болатын.

Асыл Бигелді

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz