Алматыда жер сілкінісі кезінде қай қабаттар қауіпті?

Биыл 23 қаңтарға қараған түні алматылықтар жер сілкінісін сезді. Осыдан кейін қаладағы ғимараттардың беріктігі туралы мәселелер көтерілді. Осы салада 50 жылға жуық жұмыс істеген тәжірибелі инженер-конструктор Евгений Курасов, белгілі сәулетші Нұрлан Камитов үйлердің жай-күйіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Нұрлан Камитов Қазақстанда ғимараттар мен конструкцияларды жобалау, оларды салуға қойылатын талап өте қатал екенін, жобалаушылар мен құрылыс компаниялары осы талапты мүлтіксіз сақтаған кезде құрылыстардың тұтастығы мен беріктігін сақтауға негіз барын мәлімдеді.

  • Қандай құрылыстар қирауға бейім болуы мүмкін?

Алматыда нормативтік талап 9 балдық жер сілкінісіне есептелген. Дәл осындай пікірді Ink Architects компаниясының тәжірибелі бас инженері әрі конструкторы Евгений Курасов та ұстанады.

"Үйлерді жобалау мен салуға қойылатын нормалар, талаптар соңғы он жылдықтарда өзгерді. Ескі үйлер бір норма бойынша жобаланған, жаңалары шамамен 2000-жылдардың басынан бастап, қатаң стандарттар бойынша салынған. Жаңа үйлер монолитті темірбетоннан салынған, менің ойымша, барлық норма сақталғанда сейсмикалық жағдайға төзімді. Бірақ үлкен жер сілкінісі кезінде ескі жеке құрылыстың көп бөлігі қирауға бейім болуы мүмкін, өйткені мұндай жеке үйлердің құрылысы әдетте өз күштерімен және білімдерімен салынған, оның үстіне жобалар мен сараптамаларсыз жүргізілді", - деді ол.

  • Қандай іргетас жер сілкінісіне төзімді?

Маман қандай іргетас жер сілкінісіне төзімді екенін де айтты.

"Бұл дұрыс сұрақ емес, өйткені іргетастар әртүрлі және олар қандай ғимарат салатынына, қандай топырақта тұратынына байланысты. Топырақ әртүрлі болады: саз, саздақ, құм, тас-малтатас және т. б. Топырақтың әртүрі үшін іргетасты таңдап, есептеу керек. Олар нормалар бойынша есептелген болса, барлығы тұрақты болады. Ең бастысы - жобаны дұрыс шешу және талаптарды, нормаларды сақтау", - дейді ол.

  • Қандай үйлер төзімді?

Сарапшы сейсмикалық аймақтарда салынған қай үйлер төзімді болатынына жауап берді.

"Жер сілкінісіне төзімді құрылыс ережелері мен нормалары сақталған, сараптамадан өткен үйлер жер сілкінісіне төзімді. Назар аударатын болсақ, барлық заманауи үй темірбетон монолиттен салынған, олар қатты, тіпті кейбір деформациялардан да беріктігін жоғалтпайды. Бірақ құрылыста адам факторы үлкен роль атқарады, бұл үйлердің қаншалық дұрыс салынғанына әсер етеді", - дейді маман.

  • Тектоникалық жарықтарда құрылыс салынуына қандай талап қойылады?

"Мұндай жарықтардағы жобалар мен құрылыстарға өте қатаң талаптар қолданылады. Қазір еуропалық стандарттар бойынша жобалап жатырмыз, олар қазақстандықтармен салыстырғанда анағұрлым қатаң", - дейді ол.

  • Жер сілкінісі кезінде қауіпті қабаттар бар ма?

"Жалпы ғимарат тұрақты болса, онда ешқандай қабатта қауіп жоқ. Егер ғимарат сілкініс кезінде құлап кетеді деп есептесек, онда барлық қабат қауіпті. Алматыда жер сілкінісінің кемінде 9 балына қойылатын талаптарға сүйене отырып ғимараттар салынып жатыр. Бұл - біздің қала үшін әдеттегі норма. Сондай-ақ, қалада жер сілкінісі кезінде адамдар баратын алатын ашық жерлерді қамтамасыз ету маңызды екенін айтқым келеді. Сондай-ақ, сейсмикалық соққылар кезінде ғимараттардан алыстау керек, өйткені олардың қаптаулары, кейбір бөлшектері, сымдары жоғарыдан құлауы мүмкін, сондықтан мұндай жағдайларда ережелерді сақтау маңызды. Өкінішке қарай, Алматыдағы соңғы жер сілкінісі кезінде көптеген адам көшеге шығып, ғимараттардың маңында тұрып, өздеріне қауіп төндірді", - дейді сарапшы.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жер сілкінісі сезілгені хабарланды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!