Маңғыстау облысында 6 ай бойы өртенген кен орны қандай зиян әкелді?

Маңғыстау облысында 6 ай бойы өртенген кен орны қандай зиян әкелді?

Маңғыстауда Қаратұрын кен орнындағы өрттен атмосфераға көп мөлшерде метан тарады. Қоршаған ортаға келтірілген залал - 350 миллион теңгеге бағаланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Спутниктік мәліметтерге сүйенсек, метан өрт басталған күні-ақ яғни, 9-маусымда бөліне бастады. Бірақ бақылауға жыл соңында ғана алынды. Соның өзінде ұңғымадан 127 000 тонна метан ағып кеткен.

Маңғыстау облыстық экология департаменті мамандары да аталған аумақта жоспардан тыс тексеру жүргізген. Олар ауадан және топырақтан бірнеше сынама алып, зерттеді. Нәтижесінде атмосферадан метанның шекті концентрациядан 480 есе асқаны ал, топырақтың мұнаймен бүлінгені анықталды.

Экологтардың тексеруі нәтижесінде кен орнына қоршаған ортаға келтірілген залалы үшін-350 миллион теңге көлемінде айыппұл салынбақ. Мамандар соған сәйкес, әкімшілік іс қозғап, сотқа жолдады. Тексеру қорытындысы бойынша, кәсіпорынға айыппұлдан бөлек, экологиялық залалды жою үшін, арнайы бағдарлама әзірлеуге нұсқама берілді.

Айта кетейік, Оңтүстік Қаратұрын кен орнындағы өрт 6 айдан аса уақыт жанды. Бұрғылау қондырғысына жөндеу жұмыстары талапқа сай жүргізілмей, салдарынан газ су аралас қоспа далаға атқылап, арты өртке ұласқан. Арнайы комиссия құрылып, қызыл жалынды ауыздықтау жоспары құрылды. Өрт 6 ай жарым дегенде әрең өшірілді.

Сая Мәжитқызы

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz