"Әріптестерім түсінбей қалды". Бақытжан Базарбек Смайыловтың кандидатурасына неге қарсы дауыс бергенін айтты

Парламент депутаты, белгілі заңгер Бақытжан Базарбек бұрынғы премьер-министр Әлихан Смайыловтың кандидатурасын бекіткен кезде неге қарсылық білдіргенін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол QASQA JOL YouTube-арнасына берген сұхбатында бөлісті. Депутаттың айтуынша, Әлихан Смайылов бастаған Үкімет ел сенімін ақтаған жоқ. 

"Смайыловтың кандидатурасын бекіткен кезде ресми алты адам қарсылық білдірді. Соның төртеуі партиядан болса, қалғаны мен және Ермұрат Бәпи. Оның себебі бар. Менің ойымша, жер реформасын Үкімет аяғына дейін жеткізе алмады. Өйткені жерге байланысты өзекті мәселе өте көп. Құрылыс, жер саласында жемқорлық белең алып кетті. Үлескерлер пайызсыз қалды, олардың мәселесі шешілген жоқ. 3,5 миллион адам 10 сотық жерге кезекте тұр. Олардың оны қашан, қалай алатыны белгісіз. Қалада үйлер тығыз салынған. Өкінішке қарай, оны шешетін ешкім жоқ. Үкіметтің баяу іс-әрекеттерінен депутат ретінде алғашқы қабылдаған шешімім - Әлихан Смайыловқа қарсылық білдіру болды. Мені әріптестерім түсінбей қалды. Бірінші шешімім осындай үзілді-кесілді сыни болғаны қызық болды. Шыны керек, бұл - менің жеке позициям. Әлихан Смайыловтың Үкіметі әлсіз еді. Мемлекеттік бағдарлама аясында өзекті сұрақ көп болды, оның ешбіріне жауап болған жоқ. Осының бәрі Үкіметтің отставкаға кетуіне әкелді", - деді ол. 

Сондай-ақ, Бақытжан Базарбек жаңа премьер-министр Олжас Бектеновке сенетінін айтты. 

"Мен Бектеновке сенемін, мен оның қандай адам екенін білемін. Оның "елді өзгертемін" деген мінезі бар. Ал министрлерге сұрағым бар. Егер мен кеңесші болсам, министрлердің 90 пайызын алмастыру керек дер едім. Себебі саланы алға тартатын маман аз. Үкіметте жұмыс істейтін адамдар ғана қалуы керек", - деді ол. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!