"Денесінде сау тамтық жоқ, көгерген". Жезқазғандық отбасы асырап алған балаларға 5 жыл бойы мал бақтырған

"Денесінде сау тамтық жоқ, көгерген". Жезқазғандық отбасы асырап алған балаларға 5 жыл бойы мал бақтырған
Фото: pixabay.соm

Жезқазғандық отбасы 3 жеткіншекті балалар үйінен асырап алып, бес жыл бойы мал бақтырған. Бұл туралы ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Instagram желісіндегі парақшасына жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дерекке қарағанда, Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлы, прокуратура, ІІМ-мен осы істің мән-жайы мен қажетті шараларды зерделеген.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Dinara Zakiyeva (@zakiyevadinara)

"Ақпанның басында облыстық прокуратура мен қамқоршылықтың мобильді топтарының тексерісі нәтижесінде бір отбасынан шыққан үш бала – 1 қыз және 2 ұл бары анықталды. Патронаттық тәрбиеге алған отбасы оларды балалар үйінен 2018 жылы алған. Ол кезде балалар 14, 12 және 8 жаста болған. Балалардың үлкенін қалаға 20 км қашықтықтағы өз фермасында еркінен тыс ұстап, мал бағуға мәжбүрлеген. Фермада екі табын жылқы мен 18 сиыр бар", – деп жазды ол.

Динара Зәкиеваның айтуынша, фермаға арнайы барған комиссия мүшелері балалардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын көзімен көріп, жағасын ұстаған. Денесінде сау тамтық жоқ, көгерген, тыртыққа толы екенін аңғарған. Балалар жүдеу, шаршаңқы, аш, кір-қожалақ, киімдері жыртық болған. Балаларды қамқорлығына алған ата-ана оларды қорлап, ұрып, азаптап, құлдай жұмсағаны белгілі болды. Сорақысы қамқоршы 5 жыл бойы балаларға жәрдемақы алып келген.

"Балалардың үлкені – қыз, колледжді тәмамдаған, алайда іс жүзінде сабаққа мүлде бармаған. Ортаншы ұл колледжде "оқиды". Құқық қорғау органы білім мекемесін тексерсе, ата-анасы тарапынан үнемі балалардың ауырғаны туралы анықтамалар ұсынып отырған екен. Қамқоршы қызды жұмыс істемесең, не шағымдансаң, бауырларыңды көрмейсің деп қорқытқан", – делінген жазбада.

Белгілі болғандай, бұл қамқоршы жақында "патронатқа алуға болатын басқа да балалар бар ма?" деп сұрастырған екен.

"Қылмыстық іс тіркелді, сараптамалар жүргізіліп жатыр. Қазір балалар қауіпсіз жерде, ең бастысы олар бірге. Тиісті психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Облыс әкімі балаларға қолайлы жағдай жасап, көмек көрсетуді, балалардың қайда тұратынын, қайда оқитынын жеке бақылауына алды. Басынан бастап балалардың қасында болған өңірлік уәкіл Гүлмира Алпысбайқызына және мәслихат депутаты Еркебұлан Бодықовқа алғыс айтамын", – деп хабарлады Динара Зәкиева өз жазбасында.

Оның мәліметінше, қазір ІІМ, Прокуратура мен басқа да мемлекеттік органдар бірлесіп бүкіл ел бойынша пилоттық режимде жұмыс істейтін мобильді топтар құрған.

"Олардың міндеті – зорлық-зомбылыққа ұшыраған, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды жедел түрде анықтау. Көп ұзамай бұл механизм Президент тапсырмасымен әзірленген Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасы аясында алдын-алу құралы ретінде заңнамалық тұрғыдан бекітілмек", – деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы