Алматы полициясы тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресу шаралары туралы айтты

Алматы полициясы тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресу шаралары туралы айтты
Фото: Тұрар Қазанғапов

Алматы полициясы тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресу шаралары туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Жергілікті полиция қызметінің хабарлауынша, Алматыда тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстық ахуалды жақсарту және қылмыстың алдын алу мақсатында "Тұрмыс", "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ", "Бақытты отбасы" сынды мақсатты профилактикалық іс-шаралары өткізіліп жатыр. 

Жыл басынан бері отбасы-тұрмыстағы қатынастар саласында әйелдерге қатысты қылмыс тіркелген жоқ. Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқықбұзушылық жасаған адамдарға қатысты профилактикалық ықпал етудің негізгі шараларының бірі - профилактикалық есепке алу және жеке алдын алу жұмыстарды жүргізу, маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеуге жіберу.

Осы кезеңде 803 адам профилактикалық есепке қойылса, оның 733-іне қорғау нұсқамасы, тағы 70-іне құқық бұзушының тәртібіне ерекше талаптар қойылды. Алкоголизм мен нашақорлықтан мәжбүрлеп емдеуге 9 адам жіберілді. Алматы полициясы зорлық-зомбылыққа ұшыраған, сондай-ақ, осы саладағы қолданыстағы заңнаманы түсіндіруге жүгінген 159 әйелге жеке кеңестік көмек көрсетті. 

Сонымен қатар, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның, білім беру, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау органдарының, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, тұрақты негізде жүргізіліп жатыр.

Жыл басынан бері ҮЕҰ-мен 16 кездесу өткізілді, онда ҮЕҰ мен полицияның өзара іс-қимылының оң тәжірибесі, зорлық-зомбылық құрбандарына психологиялық көмек көрсетудің тиімділігі және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың мәселелері, сондай-ақ оларды шешу жолдары бағаланды.

Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы жұмыстар Алматы қаласындағы ҚМУ "Жан-Сая" мемлекеттік дағдарыс орталығымен, сондай-ақ "Родник", "Аналар үйі", "Тин-Челлендж" қоғамдық қорларымен тығыз байланыста жүргізіледі. Жыл басынан бері дағдарыс орталықтарына 29 әйел орналастырылды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек