Навальныйдың әйелі саясаткердің өлімін растаған да, жоққа да шығарған жоқ

Навальныйдың әйелі саясаткердің өлімін растаған да, жоққа да шығарған жоқ
Фото: euronews.com

Юлия Навальная Мюнхен қауіпсіздік конференциясында мәлімдеме жасап, күйеуі Алексей Навальныйдың қайтыс болғаны туралы хабарға түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Навальныйдың әйелі саясаткердің өлімін растаған да, жоққа да шығарған жоқ. Ол күйеуінің қайтыс болғаны туралы хабарға сенер-сенбесін білмей отырғанын айтты. 

"Бүгінгі сұмдық хабарды бәріңіз естіген шығарсыздар. Мен осында шықсам ба, әлде бірден балаларыма ұшсам ба екен деп көп ойландым. Алайда кейін менің орнымда Алексей болғанда, не істер еді деп ойландым. Оның осында боларына сенімді болдым. Осы сахнада болар еді.

Ресейдегі мемлекеттік ақпарат көздерінен ғана алған сұмдық хабарға сенер-сенбесімді білмей отырмын. Өйткені көп жыл бойы біз Путинге және оның үкіметіне сене алмаймыз, мұны бәріңіз де білесіздер. Олар ылғи өтірік сөйлейді.

Алайда бұл рас болса, мен Путин, оның айналасындағылардың бәрі, оның достары, оның үкіметі біздің елімізге, менің отбасыма және күйеуіме жасағандары үшін жауап беретінін білсе екен деймін және бұл күн өте жақын уақытта туады.

Мен бүкіл әлем қауымдастығын, осы залдағылардың бәрін, бүкіл дүниежүзіндегі адамдарды бірігіп, осы жауыздықты жеңуге шақырамын. Біз дәл қазіргі Ресейдегі адам төзгісіз режимді жеңуіміз керек. Бұл режим де, Владимир Путин де кейінгі жылдары Ресейге жасаған сұмдық әрекеттері үшін жеке жауап беруге тиіс, - деді Юлия Навальная.

Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың түрмеде қайтыс болғаны туралы ақпарат жұма күні, 16 ақпанда тарады. 

Ресейлік БАҚ-тардың мәліметінше, №3 түзеу колониясында сотталушы Навальный серуендеп жүргенде өзін нашар сезініп, бірден есін жоғалтқан.

Оқиға орнына мекеменің медицина қызметкерлері жетіп, жедел жәрдем бригадасы шақырылған.

Барлық қажетті реанимациялық шаралар жүргізілген, бірақ көмектеспеген. 

Навальныйдың командасы қазаны әлі растамады.

Оның баспасөз хатшысы Кира Ярмыш Х желісінде "Біздің қолымызда әлі расталған ақпарат жоқ" деп хабарлады.

Ал Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Навальныйдың неден қаза болғанын білмейтінін айтты. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан