"АрселорМиттал Теміртау" заңгерінің өлімі: сот үкім шығарды

"АрселорМиттал Теміртау" заңгерінің өлімі: сот үкім шығарды
Фото: видеодан алынған кадр

Қарағандыда "АрселорМиттал Теміртау" (Qarmet) компаниясының заңгерінің өліміне қатысты атышулы іс бойынша сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алқабилердің қатысуымен Ж. және Р.-ға қатысты алдын -ала сөз байласуымен адамдар тобының адам өлтіру фактісі бойынша (ҚК 99-б. 2-б. 7-т.). Сондай-ақ Ж.-ға қатысты ірі көлемде залал келтірген бөтеннің мүлкін өрт қою арқылы қасақана жою және бүлдіру фактісі бойынша үкім шығарылды. (ҚК 202 б. 2-б. 1,5-т)

Тергеумен Ж. мен Р.-ға алдын ала сөз байласып, адамдар тобы болып Э-ны өлтіру бойынша айып тағылуда. Сонымен қатар, Ж.-ға ірі залал келтірген бөтеннің мүлкін өртеу арқылы қасақана жою бойынша айып тағылуда.

"2023 жылдың 23 сәуірінде Шахтинск қаласында Р. және Ж. соңғының пәтерінде алкогольдік ішімдік ішкен. Алкоголь таусылғаннан кейін Ж., көршісі Э-ден бұрын бірнеше рет қарызға ақша алғандықтан, тағы да қарызға ақша алу үшін соңғыға баруды ұйғарған. Ж. ұзақ уақыт оралмағандықтан, Р. жәбірленушінің пәтеріне барып, дәлізде тұрған Ж-мен Э-ны көріп, қызғаныш салдарынан Э-мен жанжал шығарған. Содан кейін, Р. Ж-ның пәтеріне барып, ас үй бөлмесінен пышақты алып, онымен бірге Э-ның пәтеріне қайта оралып, сол жерде Э-мен жанжалын жалғастырған және жанжал кезінде соңғының кеуде аймағына бір рет пышақпен соққы жасап, содан кейін пышақты дәлізге лақтырған", - делінген сот таратқан хабарламада.

Осының барлығын бақылап тұрған Ж. Р-мен адамдар тобында әрекет етіп, Э-ны қонақ бөлмесіндегі диванға апарып жатқызып, сол жерде ортақ қылмыстық ниеттерін аяғына дейін жеткізу мақсатында аталған пышақпен Э-нің кеуде аймағына 8 рет соққы жасаған. Нәтижесінде соңғы оқиға орнында қайтыс болған.Одан кейін Ж., жасаған қылмысын жасыру мақсатында пәтерді өртеп жіберген және сол арқылы жәбірленуші Э-ге тиесілі жалпы сомасы 7 176 562 теңгені құрайтын мүлкін қасақана жойған.

Сотталушылардың кінәсі олардың алғашқы берген кінәсін мойындау айғақтарымен, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, оның ішінде молекулярлық-генетикалық зерттеулермен дәлелденді, аталған сараптаманың қорытындысы бойынша Ж. мен Р-дың киімінен жәбірленушінің қаны табылған, заттай айғақтар және басқа қымыстық іс материалдарымен дәлелденді.

"Прокурор Ж. және Р-ді кінәлі деп танып, әрқайсына 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарап cоттан екeуіне ең қатаң жаза тағайындауды сұрады. Қорғаушы тарап қорғауындағылардың кінәләрі дәлелденбегендіктен оларды ақтауды сұрады", - делінген хабарламада.

Сот үкімі

Алқабилердің үкімімен Ж. Р-мен адамдар тобы болып алдын ала сөз байласып Э-ны өлтіргені үшін және жәбірленушінің мүлкін өртеп жіберіп, қасақана жойғаны үшін кінәлі деп танылып, оған қылмыстардың жиынтығы бойынша 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және жазаны өтеу қылмыстық-атқару жүйесінің орташа мекемесінде белгіленді.

Сол үкіммен Р. Ж-мен адамдар тобы болып, алдын ала сөз байласып Э-ны өлтіргені үшін 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді және жазаны өтеу қылмыстық-атқару жүйесінің орташа мекемесінде белгіленді.

Сонымен қатар, Ж. мен Р.-дан жәбірленуші тараптың пайдасына моральдық зиянды өтеу үшін 20 000 000 теңге өндіріліп, Ж.-дан пәтерді өртеу салдарынан келтірілген 7 176 562 теңге материалдық шығын өндірілді.

Сотталушылардың мас күйде қылмыс жасауы қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай деп таныды. Іс бойынша жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ.

Тағайындалған айыптың неғұрлым ауыры, яғни ҚК-тің 99-б. 2-б. 7- т. санкциясы бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

Жазаны тағайындау кезінде алқабилер сотталушылардың қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылғанын ескерді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан