Хромтауда Ақпан батыр жерленген орынды алтын іздегендер қопарып тастаған

Ақтөбе облысында заңсыз алтын өндірумен айналысқан қос компания лицензиясынан айырылды. Тек барлау жұмысына рұқсат алғандар мемлекет қорғауындағы қорым маңының түгін қалдырмаған. Ақпан батыр жерленген жерді қопарып тастағанына ұрпақтары наразы болып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Адайдан шыққан Ақпан батыр ұрпақтарының алтын өндірушілерге қатысты арызданып бармаған жері, қақпаған есігі жоқ. Хромтау ауданы аумағындағы қорымның айналасын алтын іздегендер қопарып тастаған. Тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енген қорымның маңына барлау жүргізуге шенеуніктер рұқсат бергеніне батырдың ұрпақтары наразы. Себебі, бұл жерде тек Ақпан батыр бейітінен бөлек, ерте Темір дәуірінен қалған қорғандар да бар.

"Атамыздың жатқан жерін, төңірегін алтын іздеушілер келіп қазып, үлкен ауыр техникаларымен таптап тастаған. Ата-бабамыздың жатқан жерін, жатқан сүйегін таптатуға қарсымыз. Үкімет тарапынан, тағы басқа әкімдіктерге өтініш: қазба жұмыстарын тоқтатуға көмектесуін сұраймыз", - деді Ақпан батыр ұрпағы Сайлыбай Шоқанов.

Ақпан батыр қорымының қорғауға алынғанын мәдениет басқармасындағылар да растап отыр. Қорым маңын қоршауға Хромтау әкімдігі жауапты екен. Ал алтын өндірушілерге хат та жолдадық дейді.

"Алтын өндірісі туралы хабарымыз бар. Бұл жөнінде сол қазба жұмыстарымен айналысып жатқан мекемелерге хат жолданды. Өкінішке қарай, төрт мекеме жұмыс істеп жатыр. Тек біреуінен жауап келді. Норматив-құқық актілерге сүйенетін болсақ, әрбір қорымды, ескерткішті қырық метр жерден қоршауға алуы керек. Ол қоршау жұмыстарын аудан әкімдігі өткізеді", - деді Ақтөбе облысы мәдениет басқармасының басшысы Алтынай Юнисова.

Ақпансайда асыл тұқымды жылқы бағып отырған шаруалар да алтын өндірушілерден шаршаған. Алты жыл бұрын басталған барлаудан кейін бөгеттердегі су тартылып, шөп те шықпай қалыпты. Ақпан батыр ұрпақтары мен шаруалар алтын өндіру компаниясына дөкейлердің қатысы болғандықтан, ешкімнің тісі батпады деп отыр.

"Есеп комитетінің бұрынғы төрағасы Өксікбаев Омархан Нұртайұлы деген азамат тұр, осы кәсіпорынның артында. Кең қазына дейді, Қаз қазына дейді. Осы кәсіпорындардың артында осы кісі тұр. Ол кісінің ықпалы болуы керек деп ойлаймыз, мына алтын қазу жұмыстары әлі күнге дейін тоқтамай, шешімін таппай тұр", - дейді шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Қарамолдиев.

Расында да Ақпансайдағы жерасты барлау жұмысын жүргізуге тендер ұтқан қос компания Есеп комитетінің экс-төрағасы, кезінде Мәжілістің де депутаты болған Омархан Өксікбаевтың жұбайына тиесілі екен. Енді шенеуніктер алтынды заңсыз өндіргені үшін лицензиясынан айырып, келісімшартты тоқтаттық деп отыр.

"Барлау лицензиясына екі ЖШС жұмыс атқарып жатқан. Бірақ олар өндіріс жұмыстарын атқарған. Барлау емес. Соған байланысты біз министрлікке хабар жібердік. Екі осы ЖШС келісімшартары жойылды, бірақ сонымен қатар, жойылғанына қарамастан, заңсыз жұмыс атқарылып жатыр", - дейді Ақтөбе облысы индустрия-инновацияны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Азамат Құдайбергенов.

Мәдениет басқармасындағылар Ақпан батыр қорымына тарихшылар мен археологтарды тартып, үш жыл бойы зерттеу жұмысын жүргізуге тиіс. Биыл батыр басына кесене салынады. Онымен қоса, ұрпақтары Ақпан батыр атына Ақтөбеден көше беруді де сұрап отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!