ҚазҰУ тізіміндегі студенттің анасы қызының өмірі қалай бір сәтте астаң-кестеңі шыққанын айтып берді

ҚазҰУ тізіміндегі студенттің анасы қызының өмірі қалай бір сәтте астаң-кестеңі шыққанын айтып берді
Фото: 2gis.kz

"Human Rights Lawyers" басшысы, заңгер Ләззат Рақышеваның оқырмандарының бірі қызы 5 жасында 25 жастағы педофил зорлағанын айтып, хат жазған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Заңгердің айтуынша, бұл хатты жолдаған ҚазҰУ-дағы "пәк қыздардың тізімінде" бар қыздың бірінің анасы. 

"Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірі студент қыздардың пәктігі тексерген тізім әлеуметтік желіге жарияланып, ел ішінде ду-ду әңгіме. Елдікі өсек, талқылау, ал біреулер үшін тыныш өмірдің астаң-кестеңі шығып жатыр.
Студент қыздардың бірінің анасы хабарласты. Етегі жасқа толып отыр. Айтуынша, қызы 5 жас кезінде 25 жастағы көрші педофилге зорланған екен. Сот болып 9 жылға ғана сотталған. Содан 7 жыл ғана отырып, тағы адам өлтіріп сотталған! Сол сұмдықты ұмытуы үшін көп жұмыстанған қызымен, болған жайтты ұмытсыншы деп маманға да апарған, туған ауылынан көшіп басқа қалаға қоныс аударған. Арада зымырап 15 жыл өтіп, қызы енді ғана есін жиды ма дегенде кешегі жағдай болып тұр", - деп жазған заңгер.

Хат авторы үкіметтің зорланғандарды қолдап, қорғамайтынына наразы.

"Біздің елде кімге сенім бар осы? Не орган, не оқу орны қорғай алмайды. Кімге сеніп, кімге арқа сүйеуіміз керек? Нағыз тексергіш болса, неге педофилдердің санын реттеп, солар туралы ақпаратты неге жарияламайды? Қаншама адамның өмірін қор қылады ғой кешегі жағдай. Үкімет зорланғандарға не қолдау, не қорғауға жоқ, тым болмаса жарты әлемге жар салмаса болмай ма?" - деп жазған өзін зорланған қыздың анасымын деп таныстырған оқырман.

Ләззат Рақышева жеке деректерді желіге жариялап, елге тарату үлкен қылмыс екенін еске салды.

"Расымен, біреудің жеке дерегін желіге жариялап, елге тарату - үлкен қылмыс. Конституцияда еліміздің басты байлығы адам және құқықтары деп нақты көрсетілген. Осы басты байлықты аяққа таптап, елдің өміріне қатысты құнды мәліметті қатын өсек ретінде таратқандар қатаң жазаға тартылсын. Талап етеміз!", - деп жазған заңгер.

Еске салайық, бұған дейін Telegram-арналардың бірінде әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің студенттерінің медициналық жеке деректері тарап кеткені туралы ақпарат пайда болған еді.

Тараған ақпаратта студенттердің аты-жөні, ЖСН, байланыс нөмірлерінен бөлек, кейбір медициналық қорытындылар да жазылған.

Университет әкімшілігі өкілдері осы жайтқа қатысты пікір білдірді.

Тағы да оқи отырыңыздар: Жұлын қайда орналасқан? Ол қандай қызмет атқарады?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә