Екібастұзда алып мұздық пайда болды (видео)

Екібастұзда алып мұздық пайда болды. Оған құбырдан судың атқылауы себеп болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстандық журналист Асхат Ниязов Екібастұзға бара жатқан жолда ғажайып көріністің куәсі болды. Ол алып мұздықты көріп, видеоға түсіріп, Instagram-дағы парақшасына жүктеген. 

"Менің түсінуімше, бұл мұздық Екібастұз апатынан кейін пайда болған. Қанша су төгілгенін өзіңіз елестете беріңіз. Бұл мұздық жақын арада ери бастайды. Қазірдің өзінде де қауіпті. Егер оны көрсеңіздер, ішіне кірмеңіздер. Сыртынан да әдемі көрініп тұр", - деп жазды Асхат Ниязов.

"Горводоканал" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның мәліметінше, видеоға түсіп қалған орын Майқайың кентіне су беретін құбыр учаскесінде болған. Бұған дейін аталған жерде апат болған.

"Құбыр 1996 жылдан бастап қолданысқа берілген. Диаметрі – 1020 милиметр. Зақым жойылғаннан кейін, мұз пайда болды. Кентті сумен жабдықтау тоқтатылған жоқ", - деп хабарлады мекеме. 

Кәсіпорын наурызда құбырды қайта жаңарту жобасын жүзеге асыра бастайды. Жоспар бойынша 20 километр құбыр ауыстырылады. Мердігер – "Алматыинжкомстрой" ЖШС.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!