Алматыда қыз баланы пәтерде қамап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегендер сотталды

Алматыда қыз баланы жалдамалы пәтерге әкеліп, интим қызметпен айналысуға мәжбүрлегендер сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тонау, бопсалау және пайдалану мақсатында бас бостандығынан заңсыз айыру фактісі бойынша Т. және Н.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК 126 б., 3 б., 2 т., 191 б., 2 б., 1, 3 т., 194 б., 2 б., 1,2 т.).

Былтыр көктемде сотталушылар – Т. және Н. жәбірленуші С.-ны жалдамалы пәтерге алып келген. Олардың мақсаты бір болған – қоқан-лоққы, физикалық зорлық-зомбылық көрсету арқылы одан 100 мың теңге мөлшерінде ақшалай қаражат алу, сондай-ақ жәбірленушіге ақшаны екі сағат ішінде іздеп табуы керек деген шарт қойған.

Жәбірленуші ақшасы жоқ екенін және оны іздеуге 2-3 күн кететінін мойындайды. Бұдан соң сотталушылар С.-ны ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсу арқылы ақша табуға мәжбүрлеу туралы шешім қабылдаған. Олар өздерінің ойға алған әрекеттерін жүзеге асырған: түн ортасынан кейін пәтерге жәбірленуші С.-мен жыныстық қатынасқа түскісі келген ер адам келеді.

Осы кездесудің "ұйымдастырушылары", сотталушылар – Т. және Н. жәбірленушіні пайдалану мақсатында, яғни ер адамдарға интимдік қызметтер көрсету үшін оны пайдалану және тапқан ақшаны иемделу мақсатында оны пәтерде қамап ұстаған.

Дегенмен істің бағыты басқаша өрбиді. Жәбірленуші пәтердің есігі құлыптаулы екенін көріп, әрі бөтен ер адаммен жыныстық қатынасқа түскісі келмей екінші қабаттан секіріп кеткен. Құлау нәтижесінде қыздың денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірілді.

Тараптардың ұстанымдары:

Прокурор кінәлілерге 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар өз кінәларын мойындамады.

Сот үкімімен Т. тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды, оған 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Н. да тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды, оған 5 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот сотталушылардан жәбірленушінің пайдасына ортақ тәртіпте моралдық залалды өтеу есебінде 3 миллион теңге және адвокаттың қызметіне жұмсалған шығыстар үшін әрқайсысынан 600 мың теңгеден өндіріп алды. Сот сотталушылардың жас екендіктерін жазаны жеңілдететін жағдай деп таныды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!