"Әлемдік брендке айналса деймін". Түйе сүтінен ұлттық тәттілер өндіретін кәсіпкермен сұхбат

"Әлемдік брендке айналса деймін". Түйе сүтінен ұлттық тәттілер өндіретін кәсіпкермен сұхбат
Фото: Жеке мұрағатынан

Даниял Төлеуішов - Маңғыстау облысының тумасы. 23 жастағы Даниалдың түйе сүтінен жасалған ұлттық "Ақ дәм" тәттілер дүкені бар. Бұл кәсіппен бірнеше жылдан бері айналысып келе жатқан оның негізгі мақсаты - ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы Қазақстанның атын әлемдік брендте қалыптастыру. Massaget.kz тілшісі жас кәсіпкермен ұлттық өнімдерінің ерекшелігі, өндіру артықшылығы туралы сұхбаттасты.

"Мамандығыммен жұмыс істеу ұнамады"

Даниял бұл кәсіпті ашуды студент кезінен бастап жоспарлаған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ?? Toleuish Daniyal Samatuly (@daniyal_toleuish)

"Әкем жастайынан мал шаруашылығымен айналысады, анам үй шаруашылығында. Өзім Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінде инженер-механик мамандығында тәмамдап шықтым. Бізді оқып жүрген кезімізде тәжірибеден өтуге компанияларға жіберетін. Бірақ тәжірибеден өтіп жүргенде мамандықтың маған ұнамайтынын түсіндім. Содан бастап, кәсіппен айналысамын деп шешім қабылдадым. 3-курс оқып жүргенде карантин болды. Сол уақытта өзіндік даму кезеңі басталды. Тренингтерге, курстарға қатыстым. Жалпы "Ақдәмнің" негізі 4-курс оқып жүргенде қаланды деп айтар едім. Ол кезде онлайн оқып жүрген едім", - деді ол.

Өзін-өзі дамыту мақсатында ол 2020 жылы карантин уақытында Алматыға оқуға келген. 

"Бір нәрсемен айналысқым келді. Негізгі табыс мал шаруашылығынан түсетін болғандықтан "малдың өнімінен бірдеңе жасау керек" деп ойлайтынмын. Жалпы әкем өзі мал шаруашылығымен айналысқанымен мені араластырмады. "Оқы, ел, жер көр" деді. Содан болар, кәсіпке қызықтым. Жалпы кез келген елге барсаңыз, тәттісін алып келу туристерге тән. Түркияда пахлава, Өзбекстанда дәндер, Әзербайжанның өз тәттісі бар. Бізде "Маңғыстауда өзгеше не бар?" деп ойландым. Сол кезде түйе өнімдерін әдемі қаптамамен бренд етіп шығарсам деп ойладым. Бізде мұндайды жасайтындар көп болғанымен, қаптамасы, халыққа беру тәсілі қарапайым болғандықтан туристерге ұсынуға келмейтін", -деді ол.

"Әкем ақша берді"

Даниялдың негізгі мақсаты - ұлттық құндылықтарды дәріптеу, әлемдік бренд қалыптастыру.

"Идеям дайын болған соң, қаптама алудан бастадым. Оған 600-700 мың теңге кетті. Себебі дизайн, қаптама бәрін Алматыдан дайындаттым. Анам идеямды бірден қолдап, қуанды. Алматыдан ауылға келіп, өнімдерді дайын қаптамаларға салып, әлеуметтік желідегі парақшада сата бастадым. Бастапқыда тапсырыс түспеді. Жергілікті блогерге жарнама берген соң өте көп тапсырыс түсті. Сол кезеңде өзім сатушы, тапсырыс жеткізуші, маркетолог болдым. Күндіз тапсырысқа шығып, түнде идея ойластыратынмын. Әлеуметтік желіде қызығушылық білдірген адамдарға хабарласып, "Ақдәм" туралы айтып беретінмін. Біртіндеп солай халық арасында танымал бола бастады", - деді кәсіпкер.

Оның айтуынша, кәсіп ашуға ақшаны ата-анасы берген.

"Кәсіп ашуға барлық ақшаны алғашында әкемнен алдым. Қазір шүкір, бірнеше есе өстік. Кәсіп болған соң алыс-беріс болады. Арасында мемлекеттен 500 000 теңге грант ұтып алдық. Оған тоңазытқыш, мұздатқыш сатып алдық. Бұл да бір үлкен көмек болды", - деді ол.

"11 түрлі өнім бар"

Өнімдердің барлығы қала ішіндегі цехта дайындалады.

 

"Ақдәм" - түйе сүтінен жасалған тәттілер. Негізі түйе сүтінен жасалған өнімдер Маңғыстауда ғана емес, Қазақстанда бірнешеуі бар. Біздің ерекшелік - ешқандай қоспасыз сапалы өнім, әдемі қаптама. Қазіргі таңда 8 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Өнімдер цехта дайындалады. Сол жерден қапталып, халыққа жіберіледі. Цех қаланың ішінде орналасқан. Кейде тұтынушылардың арасында қолымен ұстап, дәмін көріп алғысы келетіндер бар. Сондай кезде цехқа келіп, барлығын көруге мүмкіндігі бар", - деді кәсіпкер.

Әр өнімнің арнайы сертификаты мен сақталу мерзімі бар.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ?? Toleuish Daniyal Samatuly (@daniyal_toleuish)

"Түйе сүтінен дайындалған өнімдерге қоспа қосылмайды. Мәселен, бізде ең көп сұранысқа ие балқаймақтың құрамына тоқталсам, оған сүт пен шекер ғана қосылады. Дайындалған күннен бастап 1 ай сақталады. Цехта 4 сағат қайнатылып дайындалады. Сүтті мал өсіретін ауылдағы адамдар әкеліп береді.  Қазіргі таңда цехта 11 түрлі өнім бар. Атап айтсам, балқаймақ, түйе мен сиырдың сүтінен жасалған құрт, ірімшік, жент, қатты шекер, тары, талқан, рафаэлло құрт және бал. Өнімдерді дайындауға күніне 40-50 литр сүт кетеді. Халық арасында сұраныс көп. Негізінен түйенің құрты мен балқаймаққа тапсырыс көп түседі. Бірқатар өнімге сертификат бар. Өнімдердің ішінде ірімшіктер 15 күн сақталады. Тары талқан құрғақ жер болса тұра береді", - деді ол.

"Қарызданған сәттер болды"

Даниял Төлеуішов бұл кәсіппен 3 жылдан бері айналысып келеді.

"Кейде шығындарды жаба алмаған, қарызданған сәттер де болды. Жалпы кәсіпкер болу - күнде шешім қабылдау. Жеке кәсіпте жүйенің құрылуына себепші болатын адам - оның иесі. Әр кәсіптің өз жүйесі бар. Оны жасау үшін күнделікті шешім қабылдау керек. Ер адамды түрлі шиенелістің шешімін табу ширатады. Ол үшін көбірек тәуекелге бару қажет. Маған осы вайб ұнайды", - деді ол.

Оның айтуынша, жеке брендті дамыту кәсіпке деген тұтынушының сенімін арттырады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ?? Toleuish Daniyal Samatuly (@daniyal_toleuish)

"Кәсіпкер әрқашан білім алып, рухани жағынан дамып отыруы керек. Сондай-ақ, әрқашан да адамдарға ашық болғаны дұрыс. Түрлі орта мен жиындарға қатысу әр кәсіпкер үшін пайдалы дер едім. Нетворкинг кезінде кез келген адамнан инсайт алу мүмкіндігі болады. Ең бастысы - қазіргі таңда халық жеке брендке ерекше назар аударып жатыр. Адам арқылы оның өнімін сатып алады. Сондықтан, әлеуметтік желіні жақсы жүргізіп, артықшылыққа айналдыру керек. Бұл тұтынушының кәсіпке деген сенімділігін арттырады", - деді Даниял.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы