"0 теңгемен бастадым". 10 жылдан бері смарт-бесік жасаумен айналысатын ағаш шеберімен сұхбат

Қазіргі таңда смарт-бесік халық арасында сұранысқа ие. Әсіресе, көпбалалы аналар үшін қолайлы. Себебі арнайы уақыт қойып, сәбиді бесік жырымен "тербететін" заманауи бесік біраз жұмысты жеңілдететіні анық. 10 жылдан астам смарт-бесік жасаумен айналысатын шебер Ілияс Әмірзиновпен Massaget.kz тілшісі кәсібінің ерекшелігі туралы сұхбаттасты.

"Жарнамаға көп ақша жұмсадым"

Ілияс Әмірзинов бесік жасаумен әскерден келген соң 2013 жылдан бастап айналысқан.

"Ою-өрнек, ұлттық дүниелерге өзім қызығатынмын. Сол қызығушылық кәсіпке жалғасты. Алғашында 0 теңгемен басталды десем болады. Хобби ретінде басталғандықтан ештеңеге қаражат жұмсамадым. Жасаған дүниелерімді сатып, жиналған ақшаға әлеуметтік желі арқылы жарнама бердім. Ол уақытта "Вконтакте" желісіндегі топтарға жарнама беру өтімді еді. Хабарландыруларым кеңінен таралып, көптеген тұтынушы таптым", - деді ол.

Ол кәсібінің жақсы жүруі үшін жарнамаға ақша көп жұмсағанын айтты.

"Бұл кәсіпті бастаған кезде тұтынушылардың барлығын Вконтакте желісіндегі топтардан таптым.  Яғни, тұтынушы тапсырыс берсе, алдын ала төлем алып, тапсырысын жіберіп бастадым. Кейін olx сайтына бердім. Мұндай жарнамалардың пайдасы көп болғандықтан жарнамаға көп ақша құрттық. Кейін кеңейіп,  Шымкенттен дүкен аштық. Өте жақсы, қомақты табыс әкелді. Қазіргі таңда онлайн тапсырыс бойынша жұмыс істейміз", - деді ол.

"5 жылға кепілдік беремін"

Бесіктің ерекшелігі сол - бесік жырын айтумен қатар, нәрестені тербету функциясы да қосылған.

"Смарт бесік 12 функциядан тұрады. Яғни, бесік жырын айтады, баланы тербетеді, флешка салынады. Өзіңіз ұнататын ертегі, әуен қоюға болады. Алыстан пульт арқылы басқарылады. Тербетудің жылдамдығын ыңғайына қарай ақырыннан бастап жылдам тербетуге дейін ауыстыруға болады. Тербету уақытын да қоюға болады", - деді кәсіпкер.

Ілиястың айтуынша, шебер өзі жасаған бұйымға 5 жылға дейін кепілдік береді.

"Өзім жасаған смарт бесікке 5 жылға кепілдік бере аламын. Егер сынып, бұзылса тегін жөндеп беремін. Сапалы дүние жасағандықтан, барлық жауапкершілігін өз мойныма аламын. Жолда сынып барса, бесікті бірден ауыстырып беремін. Бесіктің аппараты күйіп кетпейді, баланың денсаулығына зиян келмейді. Бір артықшылығы - ұл не қыз болса да, сәбиге шүмекті ыңғайлап береміз. Бесіктің әр деталін ойластырамыз", - деді кәсіпкер.

"Қайта патенттеу керек"

Ілияс Әмірзинов - смарт-бесікті Қазақстанға алғаш әкелгендердің бірі. 

"Алғаш смарт-бесікті Қазақстанда мен жасағандықтан, 10 жыл бұрын патенттегенмін. Уақыты өтіп кетті. Енді жаңадан патенттеу керек. Қанша жерден бәсекелестер пайда болғанымен тәжірибені ешкім ұрлап алмайды. Ал кәсібіміздің ақша айналымы - 10 миллион теңге", - деді ол.

Шебер смарт-бесіктің дайындалу жолын да айтып берді.

"Смарт бесік арнайы ағаштан жасалып, станокта кесіледі. Италияндық иісі шықпайтын бояумен боялып, үстінен ою сызылады. Содан кейін ғана смарт-аппарат орнатылады. Қасымда көмекші бесік шебері мен жасауын дайындайтын тігіншілерім бар. Жалпы смарт-бесік іште дайын тұрғаны жоқ болса, 3-4 күн жасалады. Ал іште болса 2 күн ішінде салып жібереміз. Қазақстан бойынша жеткізу тегін. Қазіргі таңда 6 адамды, төрт тігінші мен екі шеберді жұмыспен қамтып отырмыз. Көбінесе Астана, Қарағанды және Қазақстанның батыс өңірінен жиі тапсырыс түседі", - деді ол.

"Тек ақша тапқысы келеді"

Кәсіпкер карантин және Қаңтар оқиғасы кезінде шығынға ұшыраған.

"Карантин кезде шығынға ұшырадық. Қазпоштамен жіберген 10 бесіктің 7-еуі сынып, қарызға кіріп кеттік. Қаңтар оқиғасында да бизнесіміз тоқтап, біршама шығынға кірдік. Шығынның бәрін несие алып, жаптық. Ал бесіктің жасауын дайындайтын тігіншілермен қарызға жұмыс істеп, бұл тығырықтан солай шықтық", - деді ол.

10 жылдан бері тәжірибелі кәсіпкер өзге бесік жасайтын шеберлерге көңілі толмайтынын атап өтті.

"Қазіргі таңда смарт бесікті жасаушылар көбейгенімен, сапалысы жоқ. Себебі олардың 10 жылдың тәжірибесі жоқ. Тек клиентке сатып, ақша тапқысы келеді. Бірақ клиенттің сынын көтере алмайды. Сапалы шықпайтын себебі арзан аппаратпен жасайды, тұтынушыға гарантия бере алмайды", - деді ол.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!