"Арасы 12 жыл". Қызы мен анасының Италияда түскен суреттері жұртты тәнті етті

"Арасы 12 жыл". Қызы мен анасының Италияда түскен суреттері жұртты тәнті етті
Фото: TikTok

Әлеуметтік желілерде әсерлі видео танымал бола бастады. Араға 12 жыл салып қызы анасының суреттерін қайталауға шешім қабылдап, Италияға жол тартады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengritravel.kz сайтына сілтеме жасап.

23 жастағы Шынар Әжібаева TikTok-тағы парақшасында видео жариялады. Видео бірден желіде танымал бола бастады. Алдымен бойжеткен анасының Италияда түсірілген суреттерін, кейін өзінің суреттерін көрсетеді. Екі суреттің арасы 12 жыл екен.

@azhybaeva_c Inst: azhybaeva_c Повторяю формат, который многим полюбился (в прошлый раз повторяла фотки папы, ищите в профиле?) #летспустя #мамадочь #рекомендации #рек ♬ original sound - rhianne

Видео 500 мыңнан аса қаралым жинаған. 200-ден аса адам оның астына пікір жазған. Әлеуметтік желі қолданушылары ата-аналарының бұрынғы суреттерін қайталап түсіргілері келетінін айтқан.

"Қызымның болашақта дәл осындай видео түсіргенін қалаймын"," Балаларым менің суреттерімді қайталап түсірсе екен"," Жылағым келеді", - деп жазды олар.

Шынар Әжібаеваның сөзінше, оның ата-анасы 2011 жылы, яғни 13 жыл бұрын Италияға барған. Ол кезде Шынар туыстарымен үйде қалып, ата-анасының келуін асыға күткен екен.

"Сол кезде әкем Италияға іссапармен бір жылға кетті. Жазда анамды алдырып, екеуі еуротур ұйымдастырды. Ұшып келгеннен кейін олар маған көптеген сыйлық, кәдесый және сурет әкелді. Суреттерден Милан шіркеуін көріп, таңғалғаным есімде. Сондай-ақ ата-анам Венециядан әкелген маскаға ғашық болдым. Ата-анамның суреттері қатты ұнайтын, сол себепті оларды үнемі қарап жүретінмін. Тіпті, жеке күнделігіме бір күні осы жерлерге баратынымды да жазған екенмін", - деді ол.

Бойжеткен өзінің балалық арманының орындалғанына қуанышты екенін жасырмады. Қазір ол күйеуімен бірге Италияда тұрады.

"Әкем мен анама өте ризамын. Олардың суреттерінің арқасында саяхаттауды армандай бастадым. Жақындарымыздың ортасында бір оқиғаны еске алып, күліп аламыз. 12 жыл бұрын әкем Треви субұрқағына 1 тиын тастаудың орнына (қайта келуді ырымдап бір тиын лақтыру керек) бір қап тиын тастап жіберген екен. Шамасы, сол кезде мен үшін де тастаған болуы керек", - деді ол.

Шынар Әжібаева бір кездері ата-анасы сияқты Италияға ғашық болғанын айтады.

"Италияда бәрі бар: теңіз де, таулар да. Жыл мезгілдері де ауысып тұрады. Бір уақытта Доломит Альпілерінде шаңғы теуіп жүрсеңіз, бір қарасаңыз Позитано ауылында немесе бір аралда күнге қыздырынып жатасыз! Ал тағамдар, адамдар, мәдени орындар, сәулет өнерінің туындылары туралы айтатын болсаң, сөзің жетпейді... Әзірге күйеуімізбен ел аралап жүрміз. Алайда болашақта басқа елдерге, мысалы, Африкаға барғым келеді", - деп қосты ол.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина