"Өмір сүру салты тура кинодағыдай". Италияда оқитын қазақстандық студентпен сұхбат

"Өмір сүру салты тура кинодағыдай". Италияда оқитын қазақстандық студентпен сұхбат
Фото: Жеке мұрағатынан

Айгерім Нұрғалиқызы Италиядағы Сапиенза университетінде Сulture Heritage мамандығына магистратураға оқуға түскен. Негізгі мақсаты - білім саласындағы оқыту форматын салыстырып, тиімді методикасын Қазақстанға енгізу. Айгерім шетелде оқу, саяхаттау және итальяндықтардың өмір сүру салты туралы Massaget.kz тілшісіне толығырақ айтып берді.

"Климаты қатты ұнады"

Айгерім Нұрғалиқызы - Түркістан облысының тумасы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қазақ тілі және әдебиеті мамандығын бітірген.

"Оқып жатқан Culture Heritage мамандығым, бакалаврдағы оқыған пәндерімен ұқсастығы көп болғандықтан грантқа түсуіме ықтималдылығы жоғары болды. Сөйтіп, оқуға керек құжаттардың барлығын тапсырып, грантқа түстім. Италияның климаты қатты ұнады. Себебі қысы бар мемлекеттерді қатты ұнатпаймын", - деді ол.

Шетелде оқып, өмір сүру - оның басты мақсатының бірі болған.

"Италияға 2022 жылы келдім. Негізі шетелде оқу туралы шешімді 2016 жылы қабылдағанмын. Ол кезде бірнеше компанияларға жүгініп, салым суға кеткен. Шетелде оқып, өмір сүру - менің басты мақсаттарымның бірі болатын. Алғашқыда Боллон университетіне түскім келген. Несібеме Сапиенза университеті бұйырып тұр екен. Басты мақсатым - білім саласында жүргендіктен оқыту форматын салыстырып саралау, тиімді методикасын біздің елдің білім беру саласына енгізу", - деді Айгерім.

"Өмір сүру салты тура кинодағыдай"

Айгерім Италияның бағалары аса бір қымбат емес екенін атап өтті.

"Италияның бағалары Алматымен бірдей. Айтарлықтай қымбат емес, үнемі жеңілдіктерді қолданып, қолданбалар арқылы арзанға алуға болады. Арнайы талонмен 5000 теңгеге 1 айлық азық-түлік алып қоямыз. Мұндай талон Қазақстанда да жоқ. Мемлекет шамасы келгенше көмек беріп жатыр. Бірақ көшіп келушілер өте көп. Халқының жағдайы орташа деп айтар едім", - деді ол.

Оның айтуынша, италиялықтар өте мейірімді.

"Италияда жаным рахаттанады. Себебі өмір сүру салты тура кинодағыдай. Таңғы 07.00-де кофе мен круассан жеуге кафе, ресторанға келеді. Қариялар әдемі серуендеп, саяхаттайды. Өздері үшін ғана өмір сүреді. Оларға қарап, еріксіз армандап тұрамын. "Қартайғанда мен де солай жүрейін" деп іштей тілеймін. Негізі Италия - Жапониядан кейінгі ең ұзақ өмір сүретін, қариясы көп мемлекеттердің қатарындағы ел. Халқы күлімсіреп қарсы алатын мейірімді жандар. Көшеде күлімсіреп жүру әдебін үйретті десем де болады. Мұнда мені көп дүние таңқалдырды", - деді ол.

"Тек кофе ішеді"

Айгерім италиялықтардың өмір сүру салты мен ерекшелігіне тоқталды.

"Біріншіден, олар шай емес, тек кофе ішеді. Жалпы шайды тек қазақтар ғана ішетін секілді. Екіншіден, демалыс күндері толықтай демалады, тіпті дүкендер де жабық болады. Үшіншіден, ресторан, кафелер кестемен жұмыс істейді. Түскі асқа 16.00-де келсеңіз, кешіктім деп есептей беріңіз. Себебі сол уақытта туристік орындардан бөлек көбісі жабық тұрады. Мысалы 07.00-15.00, 17.00-23.00 дейін ашық болады. Төртіншіден, қандай жерге кірсеңіз де, сіздің киіміңізге қарап баға бермейді. Халқы қарапайым және сапалы киім киюге құмар. Ал олардың тілге деген құрметін айта алмаймын. Қосымша жұмыс істегің келсе, италиян тілін білмей тіпті ыдыс жуушы ретінде де жұмысқа алмайды. Біздің елге де осы жүйені кіріктіру керек деп ойлаймын", - деді ол.

Оның айтуынша, елде үйлену жасы 40-тан бастап қалыпты деп есептеледі.

"Сондай-ақ, олар атаулы мерекелерде үнемі жиналады. Әйел теңдігі, оның шекарасы жақсы сақталған. Тіпті мемлекет тарапынан да басым рөлге ие. Ажырасу жүйесі де бірден бола кетпейді. 3-5 жылдың көлемінде жүреді. Сол үшін де үйлену жасы 40 жастан бастап қалыпты деп есептеледі", - деді ол.

"Студенттер емтиханды 5 рет тапсыра алады"

Айгерім Италияда оқудың ерекшелігін атап өтті. Оның айтуынша, мұндағы артықшылық - студент өзіне қажет сабақ жоспарын құрып, пәндерді таңдап бекітуінде.

"Бізде оқу жоспары жалпылама беріледі, тек соны өзіміз таңдап қана бекітеміз. Яғни бізге керек пәндерді мамандығымызға қарай таңдағанымызбен аясы өте тар болады. Ал мұнда оқуға түскеннен бастап толықтай 2 жылдық жоспарыңды өзің бекітесің және сол бойынша оқып шығасың. Одан қала берді студентке тиімді форматы - 1 жыл ішінде студентке бір пәннен бес рет сынақ тапсыруға мүмкіндік береді. Ең жақсы тұсы осы деп білемін. Әр кезде студенттің әр түрлі жағдайда келуіне байланысты факторларды есепке алады. Ал бізде қысқы, жазғы семестр деп бөлінеді. Біздің елде, қысқы семестрда тапсырмасаңыз, емтиханнан құлады деп есептейді де сол пәннің ақысын төлеп, қайта оқытып барып, емтиханға кіргізеді. Қысқасы, келесі семестрға өту үшін емтихан тапсыру міндеттелген. Италияда ол маңызды емес. Оқып жатқан 1 жылдың ішінде кез-келген өзіңе ыңғайлы уақытты таңдап, тапсыра беру мүмкіндігіне әр студент ие. Осы тұста біздің ел ақсап тұрған сияқты. Бұл жағынан еуропалық оқу орындары озып тұр деп айтар едім", - деді ол.

Оның айтуынша, Римде студенттерге жақсы жағдай жасалған.

"Жатақхана бөлмесі бір не екі адамдық болады. Тоңазытқыштан бастап барлық керек-жарақпен қамтамасыз етілген. Оқу және жаттығу залы, кітап оқу бөлмелері бар. Яғни мұнда студенттік өмір қызық өтеді. Әртүрлі елден жиналған студенттер құрамымен түрлі кездесулер, йога, бокс, теннис, футбол жиі ұйымдастырылып тұрады. Мұның барлығы тегін. Студент өзінің бос уақытында айналыса алады", - деді Айгерім.

"Италиян тілін білу маңызды"

Жұмысқа тұру кезінде италиян тілін білу маңызды. 

"Италияға алғашқыда 500 000 теңгемен бардым. Шәкіртақы алғанға дейін үнемдеп, қосымша жұмыстар істедім, сонымен ақшам жетті. Бір айлық шығын шамамен 250-300 000 теңге арасы. Алматыдан қатты айырмашылығы жоқ.

Тұрғын үйді бастапқы кезде арнайы сайттан немесе ортақ таныстар арқылы табуға болады. Өзім де сөйттім. Бірақ бастапқыда, италиян тілін білу маңызды екенін аңғармадым. Халқының 90 пайызы ағылшын тілінде сөйлейтін болғандықтан қатты акцент қоймадым. Бірақ жұмысқа тұру, саяхаттау кезінде тілдің маңызды екенін түсіндім. Сол үшін үйреніп, тез меңгеріп кеттім. Қазіргі таңда түсінісіп, сөйлесе аламын", - деді ол.

Айгерімнің айтуынша, мұнда бір күнде 25-35 мың теңге табуға болады.

"Қазақстанмен салыстырғанда мұнда жалақы шамалы жоғары. Жұмыс кестесі 6-8 сағат арасында. Шамамен бір күнде 25-35 000 теңге арасында табуға болады. Өзім де студенттерге лайық, ыңғайлы уақытпен жұмыс істеп көрдім. Істеймін деген адамға жұмыс көп. Бір түсінгенім шындап кіріссең, өз еліңде де сол ақшаны табуға болады", - деді Айгерім.

"Қатты таңғалдым"

Мұнда жергілікті халық жылыту жүйесін барынша үнемдеп, қыс кезеңінде көп қоспайтыны Айгерімді қатты таңқалдырған.

"Алғаш келген кезде жылыту жүйесін қалай қолданатынын көріп, қатты таңғалдым. Қыста жылуды кәдімгідей үнемдейді. Көп жерде қоспайды. Биыл жатақханада ондай суықты сезінбедім. Ал былтыр үйде тұрған кезде қатты білінді", - деді ол.

Ол көбінесе мұсылман асханаларынан тамақтанатынын айтты. Себебі халал емес өнімдер өте көп кездеседі.

"⁠Тамақтану жағы кішкене қиындау, мұқият қарамасаңыз халал емес өнімдер өте көп. Азық-түлік дүкендерінде таңдау өте көп. Өзіме қатты ұнайды.Мұсылман асханалары бар. Сол жерден тамақтанамыз, көбінесе елден алып келген сарқыттарымызбен тамақ жасауға тырысамыз. Қазақ асханасы жоқ, бірақ студенттер шамалары келгенше лағман, манты, жалпы үй тағамдарын дайындап, сатады", - деді ол.

"Азия елдеріне саяхаттау өте тиімді"

Айгерім саяхаттағанды жақсы көреді. Бос уақытында өзін дамытумен айналысады.

"⁠Оқудан бөлек, өзімнің жеке дамуыма көп көңіл бөлемін. Бірақ әр түрлі жобаларыма байланысты физикалық тұрғыда үлгермей жататын кездерім болады. Соған қарамастан уақыт табуға тырысамын. Саяхаттауды ең алғаш 2020 жылдан бастадым. Алғашқы саяхатым Мәскеу қаласына іс-сапармен басталған. Оқушыларымды ғылыми жобаға алып бардым. Сол кезден бастап өзіме жылына 3 мемлекет деп уәде беріп едім. Сол уәдемді тіпті асырып орындап жүрмін. Жалпы осы уақытқа дейін 15 елде болдым. Неапольдегі саяхатымда транспортқа үлгермей, Жаңа жылды жолда қарсы алғанмын. Варшаваға барарда транспортты таппай 1 сағат іздеп, кетуіне 3 мин қалғанда әзер үлгерген кезім естен кетпейді. Дубайда анамды жоғалтып ала жаздағанмын. Саяхатта үнемі бәріне дайын жүру керек. Барлығы біз жоспарлағандай бола бермейді. Өзіме ең ұнаған саяхатым - Грузия, Аустрия, Өзбекстан мемлекеттеріне барған сапар деп айтар едім. Бұл мемлекеттер бір-біріне мүлде ұқсамайды, ұстанымдары да мәдениеттері де аспан мен жердей. Бұл мемлекеттер табиғаты, тамағы, мәдениетімен жаулап алды десем де болады", - деді ол.

Сондай-ақ, ол биыл қай елдерге саяхаттау тиімді екенін атап өтті.

"Биыл Азия елдеріне саяхаттау өте тиімді, Малазия елдеріне алдын ала жоспарласа, 250 000 теңге көлемінде жақсы демалып қайтуға болады. 80-100 000 теңге ұшақ билетіне, қалғаны жеке шығындарына кетеді. Еуропаға да тиімді саяхаттауға болады. 7-8 мемлекетке орта есеппен 450 000 теңге жұмсауға әбден болады.

Тиімді саяхаттау үшін үнемі билеттердің бағасын бақылап отыру керек. Ваучерлерді көп пайдалану, сол елді алдын ала зерттеп, тиімді қосымшаларын жүктеп алу керек. Алдын ала жоспарламасаңыз көп шығындалып қалуыңыз әбден мүмкін. Арзан билетті -Scyscanner, Aviasales қосымшаларынан қарап, тікелей компаниялардың сайтына өтіп, сатып алу арқылы ала аласыз. Кейде чартерный рейстардың чаттарынан өте арзан бағаға ала аласыз. Мысалы, Қазақстаннан Европаға 100 000 теңгеге бару-қайту билеттерін алуға әбден болады. Ал үй жалдау үшін airnbn, Hostelworld, booking өте ыңғайлы. Couchsurfing-достар табуға көмектеседі. Яғни, сол мемлекеттің тұрғындары сізді қонақ етіп күтіп алады. Бәрі толықтай тегін, тек алдын ала сұраныс жібересіз", - деді ол.

"ІТ саласы Қазақстанда қарқынды дамуда"

Айгерім мұндағы қазақстандықтар атаулы мерекелерді қалт жібермей тойлайтынын айтты.

"Мен тұратын Рим қаласында отандастарымыз өте көп. Атаулы мерекелерді қалт жібермей тойлаймыз. Кейде елшілік тарапынан немесе өзіміз ұйымдастырамыз. Мұнда Испания, Үндістан, Түркия елдерінен келген студенттер өте көп. Жатақханада үшінші қабатта тұрамын. Сондағы көршілердің жартысымен жақсы араласып кеттім", - деді ол.

Шетте жүріп, Қазақстанның әр жетістігімен мақтанатынын да атап өтті.

"Сырт көзге біздің ел қарқынды дамып жатыр. Өз басым шетте жүріп, еліммен мақтанамын. Білім саласына ⁠ шамалы өзгеріс енгізу керек деп ойлаймын. Оқыту жүйесін қолға алу керек. Бізде IT саласы - ең озығы, тіпті Италияда мұндай дәрежеде дамымаған. Біздің түрлі қосымшаларымызды көрсетсек, олар таңданып отырады", - деді ол.

"Білім жолындағы саламды жалғастырамын"

Ол шетелге шығуды жоспарлап жүрген жандарға өзінің ақыл-кеңесін айтты.  

"Жалпы шетелге ұзақ мерзімге шығуды жоспарлап жүрген жандарға айтар кеңесім - темірдей мықты болыңыз. Өз еліңіздегідей сізді ешкім құшақ жая қарсы алмайтыны анық. Қаржылай реттеліп барыңыз. Жинап жүрген ақша қорыңыз болсын. Қосымша дәрі-дәрмек алыңыз. Ең бастысы сөмкеңіз бен жеке құжаттарыңызға сақ болыңыз. Мұнда ұрлатып алуыңыз өте жылдам. Барлығын сақадай сайлап, қарап жүріңіз. Жеке құжатыңызды ешкімге бермеңіз, тек өзіңізде болу керек.

Айгерім болашақ жоспарын да бөлісті.

"Елге қайтсам, білім жолындағы саламды жалғастырамын. Жоспарымда "Болашақ" бағдарламасымен Америкада оқу бар. Әзірге белгісіз, аман-есен аяқтап алайын. Қалғаны уақыттың еншісінде", - деді ол.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жайыққызы