"Range Rover-мен барамыз": депутаттарға қарапайым болуды үйреткен тренинг шу туғызды

Фото: видеодан алынған кадр

Әлеуметтік желіде Amanat партиясы ұйымдастырған тренингтен видео тарады. Кадрларда тренинг өткізіп жатқан адам депутаттарға қалай қарапайым болу керек екені жөнінде кеңестер береді. Желі қолданушылары мұны "миллиардерлерден миллионер жасауды үйретіп жатыр", - деп ашық сынаған. Massaget.kz тілшісі видеоға қатысты партияның баспасөз қызметіне жүгінді.

Видеодағы ер адам тіпті сағат, костюм, сақина, көлік сияқты элементтерге де назар аударған.

"Келесі автокөлік. Жамбыл ауданы бар ма? Сонда әкімдердің сайлауында ақ Land Cruiser-мен жүрген. У-шу болды ғой. Бізде де у-шу болған. Мен айтып жатқан кейс, "немен барамыз?" десем, "Түркістанның жолдары әлі нашар, сондықтан Range Rover-мен барамыз" дейді. Range Rover-мен барсақ, адамдар қабылдамайды ғой бізді. Үш-төрт үйі бар ауылдарға бардық, үйлері қирап жатыр. Range Rover-мен келсек, негатив қой. Сондықтан автокөліктерге де көңіл бөлу керек", - дейді ол.

Видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, халық ашық сынап жатыр.

"Ұятын-ай", "Сонда "тығып же, елге көрсетпе" дей ме, мақсаты не?", "Халықты қалай алдау керегін үйретіп жатыр ма?", - дейді олар.

Бұл жағдайға партияның Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі өкілдері жауап берді. Олардың сөзінше, партия жұмыс сапасын жақсарту мақсатында семинар-тренинг өткізуді дәстүрге айналдырыпты. Сонымен қатар, мұндай тренингтер не үшін өткізілетінін айтты.

"Семинар-тренинг барысында депутаттар сайлауалды уәделерді орындаудың құқықтық аспектілерін, халықты толғандырған мәселелер мен өзекті сауалдарға дер кезінде жауап беруді үйренеді. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары арасындағы өзара байланыс нығаяды. Сонымен қатар, партияның семинар-тренингтері барынша ашық форматта өткізілетінін, қатысушылардың бейнетүсірілім жүргізуіне ешқандай шектеу қойылмайтынын атап өткіміз келеді. "AMANAT" партиясы бұдан әрі де өз депутаттарына ұйымдастырушылық және әдіснамалық тұрғыда қолдау көрсете береді.  Бұл - партияның өз ішіндегі трансформацияның заңды жалғасы және халықпен кері байланысты нығайтудың төте жолы", - деп жауап берді партияның баспасөз қызметі өкілдері.

Баспасөз қызметі өкілдері видеодағы мәлімдеменің мән-жайын да түсіндірді.

"Ерлан Мүсіповтің пікіріне келсек, бұл фрагмент контекстен үзіп алынғанын ескеру қажет. Спикер саяси қызметтегі кейбір ережелердің сақталу маңыздылығын ғана меңзеген", - деп жауап берді партия өкілдері Massaget.kz-ке.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова