"Маған сырттан үретіндердің қажеті жоқ". Азамат Сатыбалды өзін "Қазақфильмді" автосалонға айналдырды дегендерге жауап берді

"Маған сырттан үретіндердің қажеті жоқ". Азамат Сатыбалды өзін "Қазақфильмді" автосалонға айналдырды дегендерге жауап берді
Фото: "ХабарLike"

Тележүргізуші, кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды "ХабарLike" бағдарламасына берген сұхбатында "Қазақфильмнің" автосалонға айналуына қатысты тараған алып-қашпа әңгімеге жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, аталған жер телімі бұған дейін де жалға берілген. 

"Бірінші сұрағым, "Қазақфильмнің" 16 гектар жерінен көлік көрдіңдер ме?

Екінші сұрағым, автопаркте не тұруы керек?

"Қазақфильмнің" 16 гектар жерінің арғы бұрышында 1,5 гектар автогаражы бар. Оның 80 пайызы қаңырап бос тұр. Ол жер маған дейін де жалға берілген. ТБС болған, басқасы болған. Мен ол жер телімін арнайы заңды түрде жалға беру арқылы Қазақфильмнің 10 жұмыскерін қысқартудан аман сақтап қалдым. Менікі дұрыс па, бұрыс па? Егер құжаттың бәрі өтірік, арам болатын болса, мен баяғыда жұмыстан шығып кететін едім. Барлығы заңды, ашық, келіп тексерсін, көрсін, көрді де!" - деді "Қазақфильм" АҚ президенті.

Сонымен қатар, ол "Азамат Сатыбалды "Қазақфильмнің" жерін көлік тұрағына айналдырдырып, айына бір көлік алып тұрады" деген қауесетке қатысты да пікір білдірді.

"Жүйелі сөз жүйесін тапса, жүйесіз сөз иесін қабады" дейді. Мен ешқашан ақталмаймын. Мен ешқандай айына бір көлік алмаймын. Менің тіпті қызмет көлігім де жоқ. Қазір достарымның берген көлігін мініп жүрмін. Сондай-ақ, біреуді қаралау арқылы өзіне хайп жинағысы келген адамдар, жақсылап ойлану керек. Менің алланың және заңның алдында адал, дұрыс жұмыс істеп келе жатқанымды білемін. Менің мақсатым - "Қазақфильмге" қызмет ету және оны кризистен алып шығу, ал сырттан үріп тұратын адамдардың маған қажеті жоқ. Тіпті тілге тиек қылып, сөйлегім де, ақталғым да, оларға жауап бергім де келмейді", - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Қытайлық көліктерді жарнамалап жүрген Азамат Сатыбалды "Қазақфильмді" автосалонға айналдырғаны қаншалық рас екені хабарланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Механикалық қозғалыстың қандай түрлері болады?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә