Қытайлық көліктерді жарнамалап жүрген Азамат Сатыбалды "Қазақфильмді" автосалонға айналдырған ба?

Қытайлық көліктерді жарнамалап жүрген Азамат Сатыбалды "Қазақфильмді" автосалонға айналдырған ба?
Фото: КТК телеарнасы

Алматыдағы Шәкен Айманов атындағы киностудияның аумағында кейінгі күндері қытайлық көліктер қаптаған. Актер Қуандық Дүйсенбаев бұған наразылық білдіріп, киностудиядағы басқа да проблемаларды айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Актер Қуандық Дүйсенбаев алғашқылардың бірі болып әлеуметтік желіде үндеу жасаған. Ол Шәкен Айманов атындағы киностудияның онсыз да хәлі мүшкіл кезде оның аумағын оңды-солды пайдалану қисынға келмейді деп отыр.

"Ер жігіт ер жігітті даттамайды, күндемейді. Мен Азамат Сатыбалдының артына түсіп алған азамат емеспін. Өзім осы киностудияда 12 жылдай қызмет етемін. Қазіргі киностудияның жағдайы мүшкіл болып тұр. Оған тікелей басшы кінәлі болады. Павильонның бағасын 250 пайызға көтеріп жіберді. 200 мың теңге болатын. Қазір 750 мың теңге болды. Ал жалға алуда шаршы метрін 100 пайызға көтерді", - дейді актер Қуандық Дүйсенбаев.

Instagram-да 700 мың оқырманы бар Азамат Сатыбалды кейінгі уақытта қытайлық көліктерді жарнамалап, жиі сторис салып, пост жариялап жүр. 

"Білдей басшы. Мен елестете алмаймын, үлкен басшы автокөлік жарнамалап жүр. Киностудияның штаттағы азаматтардың 20-30 пайызын ақысыз демалысқа жіберді.Себебі ақша жоқ дейді. Себеп неде? Киноға қатысы жоқ, өндірісте жұмыс істемеген азаматтарды өзінің командасына алып келді. Қазір вице-президент Назым Есенбековна деген кісі отыр. Кинода бір минут та жұмыс істемеген. Бұл кісінің саясаты, жалпы өсірмеу ғой деймін, киностудияны өшіру", - дейді Қуандық Дүйсенбаев.

Ал Азамат Сатыбалды бос тұрған ғимаратты жалға бергенін растады. Алайда "ол көліктер сатылмайды, таксопаркке тиесілі" деп әңгімені қысқа қайырған. Ол мұндай қадамға қарамағындағы 178 адамның жалақысын тауып беру түрткі болды дейді. 

"Қазақфильмнің" президенті ретінде менің басты міндетім — 178 адамның айлығын тауып беру. Жалға беремін бе, өзімді сатам ба, жоқ әлде басқа да жұмыс істеймін бе, жалпы менің міндетім. Сондықтан да, мен барынша осындай жұмыстар арқылы, кинодан да басқа жұмыстар арқылы 178 адамның айлығын тауып беруім керек. Бұл — кәдімгі таксопарк. Ешқандай да бұл жерде көлік сатылмайды. Бұл автосалон емес, - дейді "Қазақфильм" АҚ президенті Азамат Сатыбалды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан