Алматыдағы ірі өрт: монша кешені жанып кетті

Алматыдағы ірі өрт: монша кешені жанып кетті
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі

Алматының Медеу ауданында монша кешенінде өрт шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 14 ақпан күні сағат 18:00-де Алматы төтенше жағдайлар департаменті күштері мен құралдары Медеу ауданы, Оспанов көшесі, 85/77 мекенжайы бойынша монша кешенінің жанып жатқаны туралы хабарлама бойынша шыққан.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер екі ағаш үйдің жанып жатқанын анықтады, көршілес ағаш коттедждерге таралу қаупі болған.

Өрт сағат 18:47 оқшауланып, сағат 19:51-де өрт сөндірілді.

Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

"Нақтыланған ақпарат бойынша 380 шаршы метр өртенген. Өрт сөндіру жұмыстарын жақын маңда су көздерінің болмауы қиындатты. Жақын маңдағы өрт сөндіру гидранты 1,5 шақырым қашықтықта орналасқан", - деп хабарлады ведомство.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан