Ақтөбе облысында бір үйір жылқы аяздан үсіп өлген

Ақтөбе облысында бір үйір жылқы аяздан үсіп өлген
Фото: pixabay.com

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Ақсу ауылының маңында бір табын жылқы қатты аяз бен қардан үсіп өлді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "24KZ-ке" сілтеме жасап.

Кейбір жерлерде қар жамылғысының биіктігі бір метрден асты. Мамандардың айтуынша, бұл бірнеше ондаған жылда бір рет болады. Ауыл тұрғындарын әлі көптеген қиындық күтіп тұр.

Қатты көктайғақ пен жоғары қарлы боран малшылардың өмірін қиындатты. Жеке шаруашылықтардың бірінің бір табын жылқысы ауа райының құрбаны болды.

Ауыл тұрғындары жемді тікелей жайылымға жеткізіп жатыр. Олар көктем түскенге дейін шөп қоры жеткіліксіздігінен мал жаппай қырылуы мүмкін деп алаңдайды.

Бірақ сарапшылар алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді. 

"Мұндай табиғи құбылыс 15-20 жылда бір рет байқалады. Әрине, қиын. Бірақ малдың жаппай қырылуына ешқандай себеп жоқ. Өңірде жем – шөп жеткілікті, 3 млн тоннаға жуық шөп жиналды, құрама жем қоры да жеткілікті", - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Панабек Бимуратов.

Алайда, синоптиктердің болжамы әлі де көңіл қуантарлықтай емес. Қар аралас жаңбыр жауғаннан кейін бүкіл облыс бойынша көктайғақ болады деп күтіліп жатыр.

Тағы да оқи отырыңыздар: Ораза 2024. Оразаның басында, ортасында, аяғында 3 күннен ауыз бекітуге бола ма?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә