СҚО-да қасқыр көбейгені рас па?

СҚО-да қасқыр көбейгені рас па?
Фото: ©️ depositphotos.com

Солтүстік Қазақстан облысының аумағында қасқыр көбейіп кеткен. Бұл туралы ақпарт Whatsapp-та тарады. Аудандардың бірінде жануар адамға шапқан. Бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап. 

Мұны растау үшін хабарлама авторы өлі жануарлардың суретін көрсетеді. Бұл сурет биыл қаңтарда бірнеше фейк ақпаратта қолданылған. Мысалы, Мордовияда балаларға қасқыр шапқаны туралы фейкте және Қорған облысында өлтірілген жыртқыштар туралы жалған ақпаратта.

Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті баспасөз қызметі өкілдерінің мәліметінше, қасқырдың адамдарға шапқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.

"СҚО ПД кезекші бөлімінің "102" арнасына қасқырдың адамдарға шапқаны туралы ақпарат түскен жоқ", - делінген Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің хабарламасында.

СҚО бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің басшысы Олег Беспалов та өңірде қасқырдың таралуына қатысты пікірін білдірді.

"Инспекциядағы жабайы жануарларды есепке алу туралы ақпаратқа сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысының аумағында қасқыр тұрақты мекендемейді. Бұл облыс аумағын егістік алқаптары үшін қарқынды пайдаланумен байланысты деп ойлаймыз, себебі бұл қасқырдың қорегіне әсер етті.

Облыс аумағы орманды - дала, орманды алқап шамамен 5 пайыз, бұл қасқырдың тіршілік ету ортасына лайық емес.

Дегенмен өңірге көршілес жатқан Ақмола және Қостанай облыстарынан, сондай-ақ, Ресей Федерациясынан қасқырдың келуінің бірнеше жағдайы болды. Алайда қорек болмай, алқаптар жақсы қорғалатындықтан олар облыс аумағында қалмайды", - деді ол. 

Демек Солтүстік Қазақстан облысының аумағында қасқырлар таралып жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қасқырлар адамдарға шапты деген ақпарат та жалған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек